«Ертіс Павлодар облысы үшін ерекше маңызға ие. Бұл өзен аймақтағы халық, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының негізгі тіршілік көзі болып табылады. Су тапшылығы экономикалық дамуға кедергі келтіреді, сондықтан Ертіс суларын ұтымды және үнемді пайдалануға ерекше назар аудару қажет. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, халықты жұмыспен қамту үшін де өте маңызды»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға қарай суармалы алқап көлемін 3 млн гектарға жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде еліміздің барлық өңірінің ауыл шаруашылығы мамандары Мемлекет басшысының тапсырмасына сай суармалы алқап көлемін арттыру бағытында жұмыс жасауда. Ертіс өзенін жағалай қоныстанған Павлодар облысында да суармалы алқап көлемін кеңейтуде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл облыс бойынша егіс алқаптары қанша гектарды құрайды? Оның ішінде суармалы алқаптардың үлесі қанша? Тоқтала кетейік…
Ағымдағы жылы ауыл шаруа-шылығы дақылдарының егіс алқаптарын 1669,6 мың гектарға орналастыру жоспарлануда. Бұл егістерді әртараптандыру жөніндегі болжамды алқаптарға сәйкес келеді және 2024 жылғы көрсеткіштен 104,3 мың гектарға артық. Оның ішінде дәнді дақылдар — 974 мың гектарға, майлы дақылдар — 360,9 мың гектарға, жемшөп дақылдары — 300 мың гектарға, картоп — 25,7 мың гектарға және көкөністер мен бақша дақылдары 8,8 мың гектар жерге егіледі. Монокультурадан күтім әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдардың (күнбағыс, қарақұмық, жасымық) егістік алқаптарын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Дощановтың айтуынша, кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында былтыр суармалы егіс алқаптары 12,7 мың гектарға ұлғайып, 179 мың гектарға жетті. Әсіресе, суармалы алқаптарға 100 пайыз ылғал үнемдейтін технологиялар, яғни дисперсиялық суару тәсілі немесе жаңбырлатып суару әдісі қолданылуда. Нәтижесінде биыл суармалы жерлердегі егістік алқабы 182,1 мың гектарды құрамақ.
— Мемлекет басшысы суармалы алқаптар көлемін ұлғайту мәселесіне ерекше көңіл бөлуде, өйткені бұл — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі. Ағымдағы жылы суармалы жерлердегі дәнді дақылдар 13700 гектар, майлы дақылдар 3700 гектар, жемшөп дақылдары 34500 гектар, картоп 22,7 гектар, көкөністер 7500 гектар жерге егіледі. Жалпы биыл суармалы жерлердегі егістік алқаптарын 280 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Кешенді жоспарға сәйкес бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ, облыста алдағы бес жыл ішінде барлық лимандық суару жүйелерін реконструкциялау көзделіп отыр. Мысал үшін, былтыр Баянауыл ауданында көлемі 6,7 мың, Май ауданында 14,6 мың гектар болатын Қолыбаев лимандық жүйесін қайта жаңарту жобасы қолға алынды, — деді басқарма басшысы.
Суармалы алқап мәселесін қозғағанда су үнемдеу технологиялары туралы да айтпай кетуге болмайды. Өйткені суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру негізінен суарудың су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануымен тығыз байланысты екенін аңғарамыз. Су технологияларын кеңінен қолдану су шығынын азайтуға және сумен қоректік заттарды нүктелі беру арқылы өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретіндіктен соңғы жылдары елімізде осы бағыттағы суару жүйесі ұлғайып келеді. Дихандардың ойлағанын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан да жеткілікті көмек көрсетілуде. Мәселен, инвестициялық субсидиялау арқылы су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың көлемі ұлғайып, фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуына мүмкіндік туған. Бүгінгі таңда Павлодар, Ақтоғай аудандарындағы бірқатар шаруа-шылық иелері жаңбырлатып сауару технологиясын қолданып отыр. Заманауи технологиялардың тиімділігін байқаған Успен, Аққулы, Тереңкөл аудандарының шаруалары да алдағы уақытта осы әдісті кеңінен қолданбақ.
Мамандардың пайымда-уынша, облыстың магистралдық арналары мен гидротехникалық құрылыстарын қайта жөндеуге қаржы бөлу пайдаланылмай жатқан суармалы алқаптарды айналымға тарту арқылы олардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су ресурстарының тапшылығы артып келе жатқан жағдайда су жинайтын технологияларды енгізу арқылы суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері оң шешілмек.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.