Бүгінгі таңда елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша қамқорлық көрсетіліп келеді. Бұл бағытта көптеген бағдарлама қабылданып, қажетті іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде ауыл өмірінде айтарлықтай игілікті істер атқарылып, елдегі ағайын еңсе жазып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе түсті. Осындай ілкімді істер Павлодар облысында да көрініс тапты. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында соңғы жылдары облыс бойынша егін және мал шаруашылығы саласында үлкен серпіліс пайда болды.

Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің айтуынша, 2024 жылдың басынан бастап кәсіпкерлер палатасы жанындағы арнайы комиссия жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нысандарына бару қорытындылары бойынша 27 тұжырым берді. Бұл қорытындылардың 19-ын тауарлы сүт фермалары, жетеуін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері, біреуін ет өңдеу кәсіпорны алды.

— Субсидия алуға үміткер тауар өндірушілер арнайы комиссияның ереже талаптарына сәйкестігіне қорытынды алуға міндетті. Бұл міндеттеме Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнім-ділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында көрсетілген, — деді ол.

Арнайы комиссия шешімімен мұндай субсидияларды сүт дайындаумен айналысатын құс фабрикалары, бордақылау алаңдары, ет өңдеу кәсіпорындары, тауарлы сүт фермалары және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ала алады. Комиссияның құрылу және жұмыс істеу рәсімі «Атамекен» Ұлттық палатасының шешімімен регламенттеледі және өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық салалық одақтардың, қауымдастықтардың, республикалық палаталардың өкілдерін және жергілікті атқарушы органдардың құрылым-
дық бөлімшелерінің мамандарын қамтиды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда субсидия-лау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары — ауыл шаруашылығының өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты барлық салада, сондай-ақ, қаржы құралдарының бағыты бойынша көрсетіледі. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов ауыл шаруашылығындағы субсидиялар фермерлерді қаржымен қамтамасыз ету және отандық фермерлердің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы аграрлық секторды қолдауға бағытталғанын атап өтті. Фермерлер қаржы құралдарын техникаға, технологияларды жақсартуға және өндіріс шығындарын азайтуға жұмсай алады. Бұл қолдау азық-түлік нарығының тұрақтылығына ықпал етеді.

— Өсімдік шаруашылығында мем-
лекет басым дақылдарды өндіруге, тұқым шаруашылығына, зиянкестермен күресуге және тыңайтқыштар сатып алуға субсидиялар береді. Әр облыс үшін басым дақылдар тізімі анықталады, және субсидиялар нормалары жыл сайын жаңартылады. Биыл өсімдік шаруашылығын қолдауға бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігіне қосымша қажеттілікке – 3,9 млрд теңгеге өтінім жолданды. Несиелеу бойынша 32,4 млрд теңге игерілді. Сонымен қатар, «Кең-дала 2» бағдарламасы бойынша «АКК» АҚ 1,7 млрд теңгеге 47 кредит берілді, «Павлодар» ӘКК 6,4 млрд  теңгеге 68 кредит берілді. «Казагроқаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 331 қарыз алушыға 18,9 млрд теңгеге несие берілді, 908 бірлік техника сатып алынды, — деді бөлім басшысы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, шаруаларды субсидиялау процесі толығымен автоматтандырылған және «GOSAGRO.KZ» веб-порталында тегін негізде субсидиялаудың ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар негізгі 11 бағытқа бөлінеді. Атап айтсақ, өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау, ішкі нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін азық-түлік астығын өткізу кезінде АӨК саласындағы ұлттық компанияның шығындарын өтеуді субсидиялау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, қайта өңдеу кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеу өнімдерін өндіру үшін сатып алуға жұмсаған шығындарын субсидиялау, инвестициялық салымдар салғанда АӨК субъектісі шығарған шығындардың бір бөлігін өтеуге арналған субсидия, сақтандыру сыйақыларын субсидиялау, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды лизингке сатып алғанда сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. Бұдан басқа, балық шаруашылығы субъектісінің инвестициялық салымдарға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидия қарастырылған.

— Фермерлер субсидия алу үшін «Qoldau.kz» веб-порталы арқылы өтініш бере алады. Жүйе автоматтандырылған, бұл фермерлерге өтініш беру процесін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Өтініштерді қарау уақыты қысқартылып, субсидияларды беру процесі тиімді және ашық түрде жүзеге асырылады. Мысал үшін, асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау бағыты бойынша фермерлерге мал сатып алу, жасанды ұрықтандыру қызметтері және асыл тұқымды малды ұстауға арналған шығындар өтеледі. Бір отандық асыл тұқымды сиырға 150 мың теңге, ал шетелден әкелінген сиырға 300 мың теңге субсидия беріледі. Сондай-ақ, су ресурстарын басқаруға арналған субсидиялар арқылы диқандар суармалы су сатып алу шығындарының бір бөлігін өтей алады. Субсидия мөлшері судың тарифіне байланысты және кейбір дақылдар үшін 50 пайызға дейін жетуі мүмкін, — деді баспасөз қызметінде.

Сонымен қатар, энергетикалық шығындарды өтеу үшін мемлекет тарапынан фермерлерге дизель отынының құнын төмендету үшін субсидиялар беріледі. Бұл субсидиялар егістік және жинау жұмыстары кезінде пайдаланылатын дизель отынының шығындарын азайтуға бағытталған. Мәселен ағымдағы жылы облыс бойынша күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 30,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылдан 1,9 мың тоннаға артық. Сондай-ақ, ылғалды астықты кептіру үшін 2 800 тонна арзандатылған дизель отыны және 1 008 тонна газ бөлінді.

Қазақстандағы аграрлық секторды қолдау бағдарламалары фермер-
лердің шығындарын азайтып, олардың өндірістік тиімділігін арттыруға көмектесуде. Мемлекеттік субсидиялар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етері сөзсіз. Түптеп келгенде, мемлекет ұсынған қаржылық көмек фермерлерге өз шаруашылықтарын кеңейтуге және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.