Қазақстанда 2025 жылы тыңайт-қыштарды енгізу көлемін 1,9 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Бағаны тұрақтандыру үшін отандық өндірушілермен бағаны белгілеу туралы меморандумдар жасалатын болады.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бағаның тұрақтылығы және тыңайтқыштарды жеткізу кестесі маңызды мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, тыңайтқыштар бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту жоспарлануда. Ағымдағы жылы «ҚазАзот» кәсіпорнында аммоний сульфатын өндіру іске қосылды.

— 2025 жылға арналған жоспарда фермерлердің 1,9 млн тонна көлемінде минералды тыңайтқыштар сатып алуы көзделген. Бұған отандық зауыттарды аванстық субсидиялаудың қолданыстағы тетігі ықпал ететін болады. Осыған байланысты, отандық өндірушілермен бағаны белгілеу туралы жаңа меморандумдар жасалады. Себебі бұрын қолданыста болған меморандумдар өз тиімділігін көрсетті. Қазіргі уақытта әрбір әкімдікпен нақты көлемдерді көрсете отырып, жеткізу кестесі пысықталуда, ол өндіріс зауыттары үшін бағдар болады, — деді вице-министр.

Сондай-ақ, Азат Сұлтанов органикалық тыңайтқыштар өндірісін дамыту үшін ынталандыру шаралары да қарастырылғанын, 2028 жылдан бастап өнеркәсіптік өндірістегі тыңайтқыштардың органикалық түрлерінің құнын субсидиялау жөніндегі норма қолданысқа енгізілетінін мәлім етті. Айтуынша, инвестициялық субсидиялау шеңберінде органикалық тыңайтқыштарды өндіру үшін «құс нәжісін» қайта өңдеу арқылы қолдау көзделген.

А.МҰҚЫШЕВ.