Жуырда Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің отырысы өтті. Кездесу барысында жергілікті аграршыларды субсидиялау мәселелері талқыланды. Атап айтсақ, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесінің тиімділігін арттыруды сұраған жергілікті аграршылар мен фермерлер үнемі қаражаттың жеткіліксіздігі мен оны бөлу кезіндегі тиімсіздікке шағымданды. Мемлекеттік қолдау төңірегіндегі аталмыш мәселе қалай шешімін таппақ?
Алдымен отырысты жүргізген «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Мәди Сыздықов агроөнеркәсіп кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына, техника, жабдықтар мен жемшөп сатып алуға және асыл тұқымды мал құнын арзандатуға жұмсалатын шығындарды өтеу тәртібін түсіндірді. Айтуынша, өңірлік палатаға жергілікті кәсіпкерлерден АӨК саласындағы бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламалары аясында субсидияларды төлеуді кешіктіруге қатысты бірнеше рет өтініштер келіп түскен. Бұл ретте ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың стратегиялық жоспарлауын жетілдіруді, жергілікті атқарушы органдардың саланы субсидиялаудағы қызметін үйлестіруді күшейтуді, субсидия- ларды төлеудің кешіктірілуіне жол бермеу үшін бюджет қаражатының пайдаланылуына мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруды ұсынды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Шүкірова ведомствоның бүгінгі таңда субсидиялар бойынша қарыздары күту парақтарына сәйкес 16 млрд теңгені құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл сомаға мал шаруашылығы бойынша 3,5 млрд, инвестициялық субсидиялау бойынша — 3,5 млрд, терең өңдеу бойынша 1,3 млрд қарыз кіреді. Отырыс қарсаңында ведомствоға жергілікті бюджеттен қосымша бір жарым млрд теңге аударылды. Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары 2025 жылдың бюджетінде бұл бағытта 27,9 миллиард теңге қарастырылғанын жеткізді.
— Жергілікті бюджет есебінен біз минералдық тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялау бойынша міндеттемелерді толық жаптық. Пестицидтерге субсидия төлеуді де жабудамыз. Барлығын сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мәселесі толғандырып отырғанын білемін. Жалпы, Павлодар облысында жағдай ең нашар емес, себебі 2024 жылдың тамыз айына дейін біз барлық шаруаларға пайыздық мөлшерлеме үшін субсидия төлеу жөніндегі міндеттемелерді жаптық. Басқа облыстарда бұл жыл басынан бері жасалмайды. Бүгін кейбір шаруалардың кешіктіруіне байланысты бізге 800 миллион теңге қайтарылды. Оларды да қазір сыйақы мөлшерлемесі бойынша игереміз. Біздің қызметкерлер осы бағытта жұмыс істеуде, — деді С.Шүкірова.
Отырыс барысында «Атамекен» палатасының АӨК салалық кеңесінің мүшесі Гүлзира Қазылова пайыздық мөлшерлемені сыйақы үшін субсидиялар бойынша қарыздардың осындай мөлшері бар оқиғаны бұрын-соңды болмаған жағдай деп атады.
— Шаруалар мұндай инвестицияларға осы ақшаны дер кезінде алады деген үмітпен барады ғой. Ал облыс кәсіпкерлері өткен жылдың тамыз айынан бері бұл ақшаны көрген емес. Сондықтан жергілікті жерлерде өнімді сата алмайды. Ауа райына байланысты егістікте көп нәрсе қалды. Бұл — тағы да шаруалар үшін шығын. Шаруалар атынан Кәсіпкерлер палатасы, өңірлік кеңес, қоғам қайраткерлері жағдайдың одан әрі қалай қалыптасатынына алаңдаушылық білдіреді, — деп мәлімдеді ол.
Кездесуге қатысушылар тыңайтқыштар мен пести-цидтердің құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын дамыту және өзге де өзекті сұрақтарына жауап алды. Отырыс қорытындысы бойынша жауапты сала басшылары 2025 жылғы егістік науқанын талқылап, жергілікті шаруаларға мемлекеттік қолдау шараларының талаптарын айтып берді.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.