Соңғы жылдары елімізде сүт және май өнімдерінің импорты айтарлықтай арта түсті. Аққа жарытпаған агросаясат салдарынан отандық өндірушілер көрші мемлекеттердің арзан тауарларына төтеп бере алмады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылы сүт өнімдері импорты 413,6 млн АҚШ долларын құраған. Отандық өндірушілер де дүкен сөрелерін импорттық өнімдер «иемденіп» алғанын айтады. Мәселенің шешімі қандай?
Жақында Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешеннің салалық кеңесінің отырысында импорттық сүт өнімдеріне қатысты аталмыш мәселе талқыланды. «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің төрағалығымен өткен алқалы жиынға мемлекеттік органдардың, қайта өңдеуші кәсіпорындардың, сүт және астық өндірушілердің өкілдері, сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің онлайн хатшысы Еркебұлан Мәмбетов қатысты. Отырыс барысында шаруалар отандық өндірісті қорғау шараларын заңнамалық деңгейде реттеуді сұрап, импорттық өнімдерге шекті мөлшер белгілеу қажет екінін айтты.
Өңірлік кәсіпкерлер палата-сының басшысы Ерқанат Әбенов қазіргі уақытта аталған мәселе Үкімет деңгейінде қарастырылып, Мәжіліс депутаттарының «Аманат» фракциясы мен Аграрлық комитеттен Үкімет басшысына хат жолдағанын жеткізді. Бұл бастамалар Палата мәжілісіне және Парламент Сенатына жіберген мәліметтер негізінде тұжырымдалған.
— Осы мәселе төңірегінде Үкімет бірқатар шаралар қабылдауы керек. Атап өтсек, сүтті терең өңдеу бойынша жаңа өнімдер мен жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Тәуелсіз сарапшылар мен салалық қауымдастықтар өкілдерінің қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігін, Ауыл шаруашылығы министрлігін, сауда министрлігін, Қаржы министрлігін, ҰҚК Шекара қызметін тарта отырып, қауіпті және есепке алынбаған импорттық азық-түлік өнімдерін әкелу және өткізу бойынша бақылауды қамтамасыз ету, жосықсыз импорттаушылары тарапынан демпинг фактілеріне тергеу жүргізу қажет, — деді Ерқанат Әбенов.
Сонымен қатар, отырыс барысында ҚР Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің онлайн — хатшысы Еркебұлан Мәмбетов айтылған ұсыныстарды қолдап сөз сөйледі. Оның сөзінше, отандық сүт өнімдерін қолдауда заңнамалық негіз бар, жеңілдікті кредиттеуге бюджет қаражаты қарастырылған, субсидиялардың жоғары нормативтері мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін жеңілдетілген салық салу көзделген.
— Кооперациялар желісін дамыту, жеке аулалардан сүтті қайта өңдеуге жинау, оны құрғақ сүтке ауыстыру, құрғақ сүттің құнын әкелінетін өніммен салыстыру, содан кейін осы бағытты субсидиялау мәселесін қарастыру қажет, — деді ол.
Айта кетейік, сүт жинау жұмысы шеңберінде сүт құнының 25 пайызға дейінгі мөлшерде инвестициялық субсидиялау, сүт тасығыш сатып алуға несие және/немесе лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған, яғни 6 пайыз қарыз алушы төлейді, қалғаны бюджет есебінен субсидияланады. Сондай-ақ, сүт қабылдау қосындарын құруға, зертхана жабдықтарын сатып алуға жұмсаған шығын өтеледі. Инвестиция салымдарын өтеу үлесі 25 пайызды құрайды. Сүт тасымалдауға арналған көлік сатып алса да, шығыны өтеледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 70 пайыз жеңілдік көздейтін арнайы салық режимі қолданылады. Осылайша, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін бар жағдай
жасалған.
Аталған түйткілдің салмағы алты атанға жүк болатынын айтқан «Андас Агро» ЖШС-нің меншік иесі Зейнолла Сәлменбаев Қазақстан Үкіметі деңгейінде Қазақстанға әкелінетін сүт және сүт өнімдеріне мемлекеттік баж салығын енгізу керектігін атап өтті. Белгілі болғандай, кәсіпкер өз жобасына сегіз миллиард теңгеге жуық қаржы салған.
— Тауарлы сүт фермаларының барлық құрылыстарын тоқтата тұру керек. Өйткені сүт өндіретін жер жоқ. Мен ферма салдым, ол тұр. Біз жобаны қайта жасаймыз және одан көкөніс қоймасын қайта жабдықтаймыз. Түптеп келгенде сүтпен айналыспаймыз. Бұл пайдасыз болғандықтан, ешкімге қажет емес, неге мұны істеу керек? — деді кәсіпкер.
Отырыс барысында кәсіпкерлер 2024 жылы сүтті тапсырудың техникалық регламентін қабылдауды, Қазақстанға өнімді экспорттайтын елдерге қазақ-стандық сүт өнімдері мен сүтке қойылатын талаптарды, айна талаптарын қоюды, сондай-ақ, ҚР сауда орындарында шетелдік өнімдерге отандық өнімдердің 70-ке 30 пайыз пропорциясын құруды ұсынды. Мәселен, «ЭкоДом-Павлодар» ЖШС директоры Марина Рейдина Қазақстаннан өндірілетін өнім Ресей нарығын түсе алмайтынын айтты. Кәсіпкер әйел отандық өндірушілер өз тауарларын көрші мемлекеттердің кәсіпкерлері секілді еркін экспорттай алмайтынына қынжылады.
— Көрші мемлекеттердің нарық-базары бізді тұтынушыларға мүлдем жібермейді. Олар өнімдерден таяқшалар тауып, тағы бір нәрсені сылтау етіп, біздің өнімдерді дүкен сөрелеріне шығармайды. Біз сауда желілерінің иелерімен неге бізге сауда орындарында ресейліктермен бірдей шарттар берілетіні туралы мәселе бойынша кездескіміз келді. Ресейден келген сүт өнімдері қазақстандық өндірушілердің баждарымен, салықтарымен, үстемелерімен бірдей. Бұл — үлкен кемшілік. Мәселен, Беларуссияда салық режимінде және желілердің пайыздық үстемелерінде көптеген жеңілдіктер бар. Сол себепті олардың тауарларына баға үстемесін ұлғайту, біздікіне төмендету қажет, — деді М.Рейдина.
Сүт шаруашылығындағы түйткілге қатысты Қазақстан былтыр мамыр айынан Ресейдің 4 сүт өңдеу зауытына «күшейтілген зертханалық бақылау», ал бір кәсіпорнына «уақытша шектеу» ветеринарлық-санитарлық шарасын қолданған. Бұдан басқа шектеу қоя алмайды. Себебі экономикалық одақтың еркін сауда айналымына сүйенген ресейлік кәсіпкерлер Еуразия экономикалық комиссиясына шағымданады. Бұл – экономикалық одақтағы бітпес дау…
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.