Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау тетіктері жыл сайын ширап келеді. Бұл бағдарламаларда субсидиялау, қажетті техникамен қамтамасыз ету, егістік алқаптарға су жеткізу бағыттары қамтылған. Фермерлерге жеңілдетілген қаржы беру кезінде кепіл саясатын жұмсарту мүмкіндіктері де қарастырылып, субсидиялау барынша жеңілдетіліп, толық автоматтандырылды. Бұдан бөлек, биыл мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай жоспарлар жүзеге асырылады? Қолдау шараларымен қанша шаруа қамтылды? Тарқатып көрелік…
Аванстық субсидия енгізілді
Соңғы жылдары мемлекет таңдаған аграрлық саясат, сондай-ақ, Үкіметпен қабылданған шаралар отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік берді. Мысал үшін, ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай қағидаларға біріктірілді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. ҚР АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаева биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға жарты триллионға жуық теңге бағытталып, тиісті ведомство қаржы бөлу тәсілін өзгертіп, фермерлер үшін жаңа міндеттемелер енгізгенін атап өтті. Мысалы, шаруа-
лар өнім көлемін төмендетпеуге және бағаны өсірмеуге міндетті.
— Биыл минералды тыңайтқыштар бойынша өзгеріс болды. Біз отандық тыңайтқыштарға аванстық субсидия енгіздік және оны 60 пайызға дейін көтердік. Субсидияландырудың арқа-сында тыңайтқыштардың көлемі 960 мың тоннаға дейін жетті. Бұрын 680 мың тоннадан аспайтын. Ауыл шаруашылығына берілетін субсидия көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, былтыр бір жылдың өзінде 490 млрд теңге бөлінсе, дәл қазіргі меже 420 млрд
теңгеге жеткен. Сондай-ақ, алдағы 5 жылда агроөнеркәсіпті несиелеуге 10,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр, — деді ол.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және «Halyk bank»-пен бірлесіп 444,5 млрд теңге сомасына жеңілдетілген қаржы беру үшін АӨК саласындағы 90 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Олар — ет, сүт, астық өңдеу, жылыжай шаруашылығын дамыту сияқты мемлекет үшін басым бағыттар бойынша өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретін жобалар.
— Біз «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Қазақстанның экспорттық несие агенттігіне кепілдік беру мүмкіндіктерін қарастыру үшін жобалар тізімін жібердік. Кепілдік жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры фермерлердің АНК және екінші деңгейлі банктердегі несиелерінің 85 пайызына дейін кепілгер болады. «Даму» кепілдеме құралы фермерлерге жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша несие алуға айтарлықтай ықпал етеді,-деп атап өтті Е.Тасжүреков.
Жергілікті шаруалардың жағдайы қалай?
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов көктемгі егістік және күзгі жиын-терім жұмыстарына қаражат бөлу бойынша тиімді механизм әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта субсидиялау барынша жеңілдетілген және толық автоматтандырылған, бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
— Субсидиялауға қойылатын талаптарға өзгерістер енгізу арқылы шағын және орта фермерлерді субсидиялаумен қамту көлемі ұлғайтылды. Өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай қағидаларға біріктірілді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі — субсидияларды күнтізбелік жыл шеңберінде емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер сатып алынған күннен бастап 12 ай ішінде алуға мүмкіндік жасалды, — деді ол.
Сонымен қатар, бөлім басшысы биыл өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы 5,9 млрд теңге субсидиялар бөлінгенін айтты. Оның ішінде тұқым шаруашылығын дамытуды қолдауға 1,9 млрд теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 2 млрд теңге, пестицидтердің құнын субсидиялауға 1,6 млрд теңге және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға 0,3 млрд теңге бөлінді.
— Бұл шаруалар үшін өте маңызды. Егер субсидия берілмесе, мемлекеттік қолдау болмаса, өнімдер өз бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатылар еді. Қазір ауыл шаруашылығын субсидиялауға өзгеріс енгізілді. Фермерлерге талап қатаңдатылды. Олар өндіріс көлемін төмендетпеуге және ішкі нарықта бағаны өсірмеуге міндетті, — деп толықтырды ол.
Айта кетейік, субсидиядан бөлек, биыл «Бәйтерек» АҚ жалпы сомасы 16099,2 млн теңгеге 403 кредит берді. Оның ішінде «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы 6099,2 млн теңгеге 214 кредит берілсе, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 2709,9 млн теңгеге 83 кредит берілді. Сондай-ақ, «Кең дала» бағдарламасы аясында 2800 млн теңгеге 113, «Кең дала 2» бағдарламасы шеңберінде 583,3 млн теңгеге 17 кредит, «Іскер» бағдарламасы бойынша 6 млн теңгеге 1 кредит берілді. Бұдан басқа, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 1 млрд теңге сомасына 189 қарыз алушы кредиттелді, 448 техника сатып алынды.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ