Шаруалар егіске сақадай сай

Ақп 27, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталды. Жоспар бойынша, биыл егін, дақылдар салынатын алқап пен жем-жөп егісінің көлемі айтарлықтай ұлғаймақ. Шаруалар да техникаларын дайындап, сақадай сай отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Досжанов облыс әкімдігінде өткен жиын барысында алдағы кезеңге әзірлік барысын баяндады. Басқарма басшысының сөзінше, биыл барлығы 1 665,6 мың гектар егіс алқабына тұқым себіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,3 мың гектарға артық. Аталмыш көрсеткіш дәнді, майлы және жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын ұлғайту есебінен өсіп отыр.

Ал егіс алқаптарын дайындау алдында жүргізілуі тиіс агротех-никалық жұмыстар уақытылы атқа-
рылды. Атап айтқанда, 179 мың гектар жер бумен өңделіп, 235 мың гектар жер жыртылды. Бұл ретте алқаптарды әртараптандыруға мән беріліп отырғанын атап өткен жөн. Нақтысы, майлы дақылдар алқаптарын 25,9 мың гектарға, қарақұмық дақылдарын 5,3 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Сол сияқты тұрақты жем-шөп базасын құруға ерекше назар аударылмақ. Бұл мақсатқа бөлінген алқаптар көлемі 46,5 мың гектарға ұлғайтылып, 292 мың гектарға дейін жетті. Ал егінге осы жылы 164,5 мың тонна тұқым сақталған. Сөйтіп, жоспар толығымен орындалып отыр.

— Негізгі міндеттердің бірі — қолданылатын минералды тыңайтқыштардың көлемін одан әрі арттыру. 2025 жылы жоспарланған жөнелту көлемі 122 300 тоннаны құрайды. Осы көктемгі егіс науқанында тіркеме және аспа құралдары бар барлық модификациялы 3 255 трактор, 1 814 соқа, 1 046 қопсытқыш, барлық түрдегі 4591 тырма, 3760 дән сепкіш және 261 егіс кешені жұмылдырылатын болады. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 27,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылдан 1,9 мың тоннаға артық. Операторлық қызметтерді
ескере отырып, арзандатылған дизель отынының құны тоннасына 291 мың теңгені немесе литріне 244 теңгені құрады. Бұл нарықтағы бағадан 51 теңгеге арзан, — деді Д.Досжанов.

Сонымен қатар, жиын барысында егіс жұмыстарын қаржылық қамта-масыз ету мәселелері талқыланды. Өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге субсидиялар бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ҰБХ АҚ құрылымдық бөлімшелері несиелеуге 48,6 млрд теңге қарастырды. Ал «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша несиелеуге шамамен 13,5 млрд теңге бөлінеді. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы астықты тікелей сатып алу бағдарламасы жұмыс істейді. 1 наурызынан бастап астықты форвардтық сатып алу бағдарламасы іске қосылады, оған 1 млрд теңге бөлінді.

Жиынға қатысушылар ылғал қорының көлемін, егіс алдындағы топырақты өңдеуді, тұқым себу стратегиясы мен тәсілдерін қарас-тырды. «Павлодар тәжірибелік ауыл шаруашылығы станциясы» ЖШС облыс аудандары үшін егіс науқанының 5 мамырдан 3 маусымға дейінгі оңтайлы болатынын атап өтті.

Облыс әкімі Асайын Байханов көктемгі егіс жұмыстары ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру-шілерді барлық қажеттілікпен қамтамасыз ететін ұйымдардың үйлестірілген іс-қимылын талап ететін маңызды кезең екенін айтты.

— Өсімдік шаруашылығында бәрі өзара байланысты және өзара тәуелді. Тіпті бір кезеңнің өзін уақытылы қолға алмаса, сапасыз орындаса азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және лайықты өнім алуға тырысатын диқандардың барлық еңбегін зая кетіруі мүмкін. Сондықтан бұл аралықта қажетті көлемдегі ресурстармен уақытылы қамтамасыз ету маңызды, — деді аймақ басшысы.

Жиын соңында аймақ басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне, ауыл шаруашылығы басқармасына техника дайындауды және тұқымдарды тексеруді аяқтауды тапсырды. Егіс жұмыстары бастал-ғанға дейін жанар-жағармайға ақы төлеуді және алып кетуді уақытылы жүргізу, минералды тыңайтқыштар енгізу жөніндегі Жол картасының орындалуын қамтамасыз ету де жүктелді.

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.