Жыл сайын шегірткелер «шабуылынан» елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының 30-35 пайызы зардап шегеді. Егіннің жарамсыз болып қалуымен бірге, зиянкестер «қоныстанған» алқап өсімдіктерінің сапасы да төмендейді екен. Бұл жәндіктермен күресу жұмыстары ауқымды әрі кешенді іс-шараларды қажет ететіні белгілі. Сол себепті шөп біткенді құртатын тойымсыз жәндіктерден келер қауіпті болдырмау күн тәртібінен түскен емес. Биыл да шегірткеге қарсы күрес жұмыстары Үкіметтің қатаң бақылауында. Осы мақсатта арнайы штаб құрылып, аптасына бірнеше мәрте комиссияның отырысы өтіп жатыр. Әрбір өңірлерге арнайы техника, пестицид те жөнелтілуде.

 

Фитосанитарлық мониторинг күшейтілді

Биыл үйірлі шегірткемен күресу үшін республикалық резервтен 8,1 млрд теңге бөлінген. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дархан Әбдікәрімовтің айтуынша, биыл елдің 2,5 млн гектар алқабында табын шегірткелері таралады деп болжанып отыр.

– Қазақстанда шегірткенің 270-тен астам түрі мекендейді. Оның ішінде 10-15 түрі өте қауіпті. Бұл зиянкестердің ішінде ең қауіптісі – азиялық, мароккалық және италиялық прус шегірткелері.
2024 жылы бұл шегірткелер елдің 2,5 млн гектар алаңына таралуы мүмкін. Оның ішінде азиялық шегіртке – 186 мың гектар және Марокко шегірткесі – 281 мың гектар таралады деп күтілуде,- деді Д.Әбдікәрімов.

Қазақстанның өңірлерінде шегірт-келердің таралуының жаңа учаскелерін анықтау мақсатында фитосанитарлық мониторинг күшейтілді. Өңдеу жұмыстары аяқталған кейбір аудандарда қайта тексерулер жүргізіледі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, зиянкестердің таралу орындарын зерттеуді АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің 17 облыста, республикалық маңызы бар екі қалада және 168 ауданда Әдістемелік орталығы жүзеге асырады. Осы мақсатта АШМ аумақтық бөлімшелерінің 1113 қызмет-кері, сондай-ақ, 400-ден астам штаттан тыс тексерушілер тартылды, 673 бірлік автокөлік жұмылдырылды. Бүгінде өңделетін аумақтар анықталып, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары басталады. Биылғы жылы барлығы 7,6 млн гектар аумақ зерттелді. Химиялық өңдеуге жататын аумақ 2,5 млн гектарды құрайды. Бүгінгі таңда 1,3 млн гектардан астам аумақ өңделді.

АШМ ақпараты бойынша, шекара маңындағы аумақтардағы жағдай да бақыланады, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрліктерімен фитосанитарлық жағдай туралы ақпарат алмасу жүзеге асырылады. Ведомствода шегіртке зиянкестері жиі кездесетін аудандардың тұрғындарынан кулигалар табылған жағдайда аудандық штабтарға хабарлауды сұрайды.

Байқасақ, Үкімет шегірткемен күреске қаражатты жылдан-жылға көптеп бөліп жатыр. Мәселен, 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен табын зиян-кестерімен күресуге пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 млрд теңге жұмсалған. Биыл бұл мақсатта республикалық резервтен 8,1 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

 

Облыстағы жағдай тұрақты

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша, бүгінгі күні өңірде қанатты зиянкестермен ауылшаруашылық дақылдарының зақымдануы орын алған жоқ. Тиісті жұмыстың ерте басталып, дер кезінде жүргізілуінен ауыл шаруашылығындағы үлкен шығындарға жол берілмеді. Биыл шегірткенің таралуы ауа райының салқын, жаңбырлы, желді болуына байланысты бір айға созылды. Залалсыздандырудан аман қалған шағын көлемінің қанаттанып, үйірленуі байқалуда. Сондықтан қосымша өңдеу жүргізілуде. Айта кетейік, егістіктерді шегірткеге қарсы өңдеуге биыл 138 млн
теңгеден астам қаражат бөлінді.

– Бұл қауіпті зиянкес адамдарға қауіп төндірмейді, бірақ бір үйір бірнеше сағат ішінде бүкіл егінді толығымен жоя алады. Шегірткелер өсімдіктерді аямайды. Ашкөз жәндік далаға дәл аптап ыстықта келеді. Сондықтан олардың санын азайтудың ең тиімді шарасы химиялық өңдеу болып табылады. Бүгінгі таңда мұндай химиялық препараттар жеткілікті. Біз қазір фитосанитарлық орталықтан дернәсілдердің дамуы туралы болжамдарды күтіп отырмыз. Температураның өзгеруіне байланысты олардың тууы баяулайды. Осыдан кейін кесте жасалып, шегірткеге қарсы улау жұмыстарын жүргізе бастаймыз, – деді Е.Мүрсәлімов.

Сонымен қатар, облыс бойынша аумақтық инспекция мамандарының мәліметінше, химиялық улау жұмыстары облыстың барлық аудан-қаласындағы ауылшаруашылық жерлерінде жүргізіледі деп күтілуде. Бұл күрес шаралары зиянды жәндіктердің таралуын тежеп отырады.

– Күрес шаралары негізінен италиялық прус тұқымының популяциясын тоқтатуға бағытталған. Жәндіктер көптеп таралған жерлерді анықтау мақсатында мониторингтік топтар тиісті жұмыстарды атқарды. Сонымен қатар, Ресеймен шекаралас аумақтар да тексерілді. Өткен жылмен салыстырғанда үстіміздегі жылы италиялық прусқа қарсы өңделетін учаскелер 2,5 есеге азайды. Себебі жәндіктердің таралуы азайған. Кестеге сәйкес, қазіргі уақытта «Ертіс орманы» Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында шегірткелерді пестицидтермен өңдеу жұмыстары жалғасуда. Өңдеу Баянауыл, Ақсан, Торайғыр ауылдық округтерінде, ұлттық парктің Баянауыл және Жасыбай бөлімшелерінің аумақтарында жүргізілуде, – дейді аумақтық инспекция мамандары.

Бүгінгі таңда прустың дәрнәсілдеріне қарсы химиялық шаралар 3 мың гектар жерде атқарылуда. Арнайы құралдың көмегімен тәулігіне 300 гектар жерді өңдеуге мүмкіндік бар.

Қазір «Локустин к.с.» және «Вантекс м.к.с» препараттары қолданылуда. Облыс бойынша улау шараларына шашырату техникасының 400-ге жуық бірлігі жұмылдырылуда. Сондай-ақ, жүргізілген химиялық өңдеулердің тиімділігін төмендеуіне жол бермеу және тұрақты фитосанитарлық жағдайды сақтау мақсатында жыл сайын Қазақстан Республикасымен шекаралас мемлекеттерге шегірткелердің таралуын бақылауды күшейту шараларын дереу қабылдау туралы хаттар жолданады.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.