Шырылдауық шегіртке

Мау 19, 2025

егінге кеп тиісті ме?

Егіннің күзге дейін пісіп-жетілуі жолында түрлі кедергілер кездесетіні — табиғаттың заңдылығы. Ауа райының «қабағына қараумен» қатар түрлі зиянкестердің де «әлегі» бар.

Мәселен, шегірткенің егін үшін келтіретін залалы көп. Осыны ескерген железиндіктер шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстарын қолға алыпты. Бір апта бойы  мемлекеттік қор жерлерінде тұрақты (жүйесіз) шегірткеге қарсы алдын ала іс-шаралар жүргізілген.

Аудандық әкімдіктің мәліметі бойынша жалпы 5000 гектар жер өңдеуден өткізілген. Өңдеу жұмыстары Железин, Башмачное, Прииртышск және Новомир ауылдық округтерінің аумақтарында жүзеге асырылыпты. Өңдеу барысында санитарлық және агротехникалық талаптарға сай келетін «Диурон» және «Карат» препараттары қолданылған.

Аталған шаралар ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғауға және олардың таралуының алдын алуға бағытталған.

Жалпы, биыл облыста шегірткеге қарсы 48 мың гектар алқапты өңдеу жоспарланған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтың айтуынша, 19,6 мың гектар егістікте шегірткенің италиялық прус деген түріне қарсы өңдеу жүргізілуде. Қазіргі таңда оның 90 пайызында өңдеу жұмыстары аяқталған. Ал 28,6 мың гектар алқапта саяқ шегірткенің алдын алу мақсатында өңдеу шаралары іске асырылған. Басқарма өкілі биыл егін алқаптарына қауіп жоқ екенін айтады. Әдеттегідей, былтыр күзде сала мамандары облыс аумағын зерттеп, өңделетін аумақ көлемін анықтады. Соған сай қазынадан қаржы қарастырылған.

Ал еліміз бойынша қазіргі таңда саяқ шегірткелерге қарсы ауыл шаруашылығы алқаптарын химиялық өңдеу жалғасып жатыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде 1,7 млн гектарға жуық егістік өңделген. Бұл жоспардың шамамен 80 пайызын құрайды.  Бүгінде алқаптарда бұл жұмыстарға
443 техника тартылған. Олардың ішінде 24 ұшақ, 49 ұшақшыз ұшатын аппараттар және 30-дан астам аса жеңіл әуе кемелері бар. Бұған дейін әлеуметтік желілерде еліміздің бірқатар облыстарында шегіртке шабуылдап жатқаны туралы бейнежазба тараған еді. Министрліктегілер барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын, егінге еш қауіптің жоқтығын, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келмегенін мәлімдеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.