Астықты өлке Железин ауданында егін шаруашылығымен бірге шаруалар өрісін де малға толтыруда. Қазіргі таңда төрт түлікке қысқы жемшөп әзірлеу жұмысы қызу.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сенсек, малдың жемазығын дайындау жұмыстары 93 пайызға орындалған. Яғни, бүгінде 67,6 мың тонна шөп шабылған. Оның 56,2 мың тоннасы қыстаққа жеткізіліпті. Сонымен қатар, 30 мың тонна сүрлем және 1 мың тонна пішендеме дайындалған.
Жалпы, ауданда күзгі егін жинау және шөп шабу науқанына барлығы 260 комбайн, 74 дестелегіш, 120 трактор,
210 автомобиль тартылған.
Астықты өлке егінін де шашпай-төкпей қой-маға құюға жанталас тірлік үстінде. Жиналған өнімді кептіріп, тиісінше сақтау да – жауапты іс. Осы орайда, бөлім мамандары ауданда жаңа өнімді қабылдайтын қоймалардың сыйымдылығы жеткілікті екенін алға тартады. Ауданда 23 астық қырманы, 47 асфальтталған аумақ, сыйымдылығы 172,8 мың тоннаны құрайтын 87 типтік астық қоймасы бар. 14 астық кептіргіш жұмыс істейді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ, Железин ауданы.