Аграрлық саланың тиімділігі көбінесе экономикалық айналымның даму деңгейімен және ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдаланумен байланысты. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері, оның ішінде жайылымдық жерлер 10 жылдан 49 жылға дейін жалға алу құқығымен, ал шабындық жерлер конкурстық комиссия арқылы 5 жыл мерзімге жалға беріледі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облысының жер қатынастары басқар-масының басшысы Мұрат Хамитов 2024 жылдың өткен кезеңінде облыс бойынша жалпы ауданы 212 мың гектарды құрайтын 609 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жалға берілгенін, оның ішінде жер пайдаланушылардың ерікті түрде бас тартуына немесе жалдау мерзімінің аяқталуына байланысты бұрын мемлекеттік меншікке қайтарылған 77 мың гектар жер учаскесі қайта пайдалануға берілгенін жеткізді.

— Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдардың жұмыс бағыттарының бірі — ауыл шаруашылығын жүргізуге, коммерциялық мақсаттарды дамытуға және жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлерді конкурстар арқылы беру. Жоспарланған конкурстар туралы ақпарат мерзімді баспасөз басылымдарында, жергілікті атқарушы органдардың сайттарында, сондай-ақ, ақпараттық стендтерде және жер қатынастары бөлімдерінің «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарында орналастырылады. Ал елді мекендерде коммерциялық мақсаттар үшін жер учаскесін беру аукционы  Мемлекеттік мүлік тізілімінің «sauda.e-qazyna.kz» веб-порталында электронды түрде жүзеге асырылады. Аукцион жеңімпазын анықтаудың басты критерийі — қатысушылардың ағылшын сауда-саттық әдісі бойынша ұсынған бағасы. Жоспарланған аукциондар туралы ескертулер «www.gosreestr.kz» сайтында, жергілікті әкімдіктердің және жер қатынастары бөлімдерінің әлеуметтік желілерінде хабарландырылады. Бүгінгі таңда облыс бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері 240 млн теңгеден астам сомаға
190 гектар алаңда 35 аукцион өткізді, — деді М.Хамитов.

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, облыс қалаларының шекараларында жер учаскелерін жалға беру электронды форматта жүргізіледі. Заң бойынша жер учаскелерін жалға берудің екі әдісі бар. Яғни, жер кодексінің 48-бабында белгіленген мақсаттар үшін тікелей беру және коммерциялық мақсаттар үшін аукциондар арқылы үлестіру.

— Жаңа тәртіп — кадастрлық картада схеманы дербес қалыптастыра отырып, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жер учаскесіне құқық алуға мүдделі жеке және заңды тұлғалардың өтінім беруін көздейді. Аукционға қатысу үшін өтініш беруші «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесіне ауысады және жария кадастрлық картада оны аукционға шығару үшін бос жер учаскесін таңдайды. Жергілікті атқарушы орган мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша учаске беру мүмкіндігі болған кезде аукцион өткізілетін күнді белгілейді, ол туралы өтініш беруші веб-порталдың жеке кабинетінде хабардар етіледі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға бөлінген алаңдардың дайындығы және кезектілік тізімдері туралы ақпаратқа қол жеткізуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Бұл ретте, жер учаскелерін атқарушы органдар бірінші кезекте кезектілікті сақтай отырып, арнайы есепте тұрған азаматтарға беруге тиіс. Ал орталықтандырылған сумен жабдықтау жоқ елді мекендерде мұндай жер учаскелерін беруге электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі. Бүгінгі таңда облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысының арнайы есебінде 55 119 өтініш тіркелген. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс бойынша бұл мақсатта 200 жер учаскесі бөлінді, — деп толықтырды ол.

А.МҰҚЫШЕВ.