Өңірде балық шаруашылығын дамыту, соның ішінде балық шабақтарын қолдан баптап өсіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында дәстүрлі балық өсіру шаруашылықтарымен қатар, тұйық су айналымы қондырғыларында жұмыс істейтін нысандар да бар. Аквамәдениетті субсидиялау қаражатының көлемі биыл 500 млн теңгеге жеткен.
Бұл туралы облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев айтты. Балық шаруашылығындағы өзекті әрі түйткілді мәселелер облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.
– 2025 жылы облыс аумағында тауарлы балық өсіру көлемі 500 тоннадан асты. Сонымен қатар, қосымша кәсіпорындар ашылды. Оның ішінде Успен ауданы аумағындағы шаруашылықта биыл инкубациялық цех іске қосылады. Өткен жылдан бері аквамәдениетті субсидиялау көлемі 101 миллион теңгені құрады, ал ағымдағы жылы шамамен500 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат жем-шөпке, майшабақтарды баптауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және дәрілік препараттарға бағытталады, – деді Жасұлан Жұмашев.
Субсидиялау бірнеше бағытта жүргізіледі. Яғни, қаражат материалдық-техникалық базаны жаңарту, жабдықтар мен техниканы сатып алу және басқа да өзекті шараларға бөлінеді. Бұдан бөлек, су жеткізу және жеңілдетілген несиелер беру сияқты жаңа қолдау түрлері енгізілуде. Қазіргі таңда өтінімдер GosAgro порталы арқылы қабылдануда.
Биыл өңірде су айдындарын балықтандыру жұмыстары да жалғасады. Бұл мақсатқа 100 миллион теңге қарастырылған. Қазір тиісті жұмыстар бойынша конкурс жарияланған. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта баклан құстарының санын реттеу шаралары қолға алынбақ. Жоспар бойынша шамамен 860 құстың көзін жою көзделіп отыр. Бұл жұмыстар ғылыми ұйымдармен бірлесіп жүргізіледі.
– Қазіргі уақытта аквамәдениетке жарамды жаңа су айдындарын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Кез келген Қазақстан азаматы басқармаға жүгініп, осы су айдындарын тізімге енгізу бойынша ұсыныс бере алады. Егер инвестициялық жобалар болса, біз оларды рәсімдеп, аквамәдениет мақсатында пайдалануға мүмкіндік жасаймыз. Сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың балық шаруашылығына келтірген залалын өтеу жұмыстары да күшейтіледі, – деді басқарма өкілі.
Қоғамдық кеңес мүшесі Еркеғали Жанғазының пікірінше, балыққа қатысты браконьерлерге тосқауыл қою қиындау болып тұр. Сондықтан осы мәселеге де назар аудару қажет.
– Балық шаруашылығын бір жүйеге түсіруге, су жәндігінің санын өсіруге тосқауыл болып отырған бірнеше фактор бар. Оның бірі – баклан құстары. Статистикаға жүгінсек, бұл құстар жылына бес тоннаға дейін балықтың көзін жояды екен. Екіншісі – осы салада азаймай тұрған браконьерлік шабуылдар. Міне, осы секілді мәселелермен алдағы уақытта құзырлы мекемелер бірлесіп күресу керек, — деді қоғамдық кеңес мүшесі Еркеғали Жанғазы.
Жиын қорытындысы бойынша саладағы мәселелерді шешу бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.
Тілеуберді САХАБА.
