Қарызы кейінге шегеріледі

Қаз 30, 2025

Павлодар облысында қара күзде жауған қар өнімін әлі жинап үлгермеген шаруалардың бірталайын шығынға батырғаны анық. Сондықтан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы фермерлерге тиімді шешімдер қабылдап, шаруалардың шығындарын азайту бағытында жұмыстарды қолға алып жатқаны белгілі болды. Толығырақ құзырлы басқарманың өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовпен хабарласып, мән-жайды анықтадық.

 

– Есентай Базарбайұлы, қай қала және аудан ауылдарына тиесілі шаруалар көбірек зардап шегіп жатыр?

– Ауа райының тосын мінезі егін жинау жоспарын бұзды. Нақтырақ айтқанда, қыркүйектің соңы мен қазан айының басында жауған жаңбыр шаруалардың егін жинау жұмысына айтарлық қиындық туғызған болатын. Одан кейін 10 қазанда қар жауып, күн райы минус 8–10 градусқа дейін түсіп, үсік жүрді. Осының салдарынан Ақсу, Екібастұз ауылдық аймақтары мен Павлодар және Ақтоғай аудандарына қарасты шаруашылықтардың көкөністері қар астында қалып қойған. Жалпы 5 шаруашылық картопты дер кезінде жинап үлгермеген. Қар астында қалған егіс көлемі – 1 180 гектар. Бұл облыстағы жалпы егіс алқабының шамамен 3 пайызын құрайды.

— Өнімі қар астында қалған шаруаларды қолдау, шығындарын азайту бойынша қандай шаралар қолға алынды?

– Жақында ғана облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында үлкен кеңес өтіп, оған ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен қаржы ұйымы өкілдерінің басын қостық. Осы жиын барысында көп мәселе көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды. Кездесудің басты тақырыбы – фермерлерге қолдау көрсету және несие мерзімін ұзарту мүмкіндіктерін қарастыру болды. Сол кеңестің нәтижесіне тоқталар болсақ, әр шаруашылық бойынша мәселе жеке-жеке қаралатын болды: бұл несие мерзімін ұзарту, төлем кестесін өзгерту немесе басқа да көмек түрлері болуы мүмкін. Біз әр ауданда арнайы жұмыс тобын құруды ұсындық. Аудан әкімінің қаулысымен құрылған бұл топтар жағдайды тексеріп, акт жасайды. Сол акт несие мерзімін ұзарту мәселесін қарауға негіз болады.

– Одан басқа өтемақы түрлері қарастырылды ма?

– Басқа өтемақы түрлері қарастырылмайды. Егер егіс-тіктер сақтандырылған болса, сақтандыру жүйесі іске қосылуы мүмкін. Бірақ төтенше жағдай режимі қолданылмайды. Егер қар қыркүйек немесе тамызда жауған болса, онда бұл мүмкін болар еді. Бірақ, алдағы уақытта жиналмаған картоп көлемі нақты анықталатын болады. Жиналмаған және әрі қарай жинауға жарамсыз алқап көлемі белгілі болған соң шығындарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіледі.

– Биыл жергілікті шаруалар қанша гектар алқапқа картоп екті?  Бүгінгі таңда картоп
алқаптарының қанша пайызы жиналды?

– 2025 жылдың күзгі науқанында облыста 31,2 мың гектар алқаптан картоп дақылы жинала бастаған болатын. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,2 мың гектарға артық деуге болады. 2024 жылы шамамен 25,0 мың гектар жерге картоп егілген еді.

Бүгінгі күні картоп тұқымы егілген егіс алаңдарының 97 пайызы жиналды. Күзгі науқан нәтижесінде жалпы өнімділік көлемі 894,8 мың тоннаны құрады. Орташа өнімділік – 296 ц/га. Осылайша өткен жылғыдан 280,0 мың тонна артық өнім алып жатырмыз.

— Ақпаратыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.