Соңғы уақытта агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарын несиелеудегі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау шеңберіндегі мемлекеттік қолдау шаралары бірқатар деңгейде кеңейгені белгілі. Осындай қолдаулардың бірі – тұқым шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға қатысты. Бұдан басқа, мемлекеттік бағдарламаларда қандай өзгерістер мен толықтырулар бар? Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына қанша қаражат бөлінді? Жергілікті шаруалар қолдау шараларына ие ме?
Биыл Үкімет резервінен отандық шаруаларды қолдау үшін 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Құжат 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына кемінде 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау аясында қабылданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие арқылы қолдау және шаруалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында қаулыға сәйкес Үкімет резервінен шамамен 116 млрд 772 млн теңге бөлу қарастырылған.
— Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу, сондай-ақ, отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елімізде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.
Жалпы шаруаларға мемлекет тарапынан тұқым мен тыңайтқыш сатып алудан бастап экспорттық қолдауға дейінгі барлық кезеңде жан-жақты көмек көрсетіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысының Жол картасы бойынша тапсырмаларын орындау шеңберінде барлық өңірлерге ғылыми негізделген қажеттілікке сүйене отырып, тыңайтқыштар енгізу бойынша индикаторлар жеткізілді. Павлодар облысы бойынша 2025 жылға арналған минералды тыңайтқыштарды тиеп-жөнелтудің жоспарланған көлемі 122 300 тоннаны құрайды. Бүгінгі күні 1 700 тоннаны тиеп-жөнелтуге шарттар жасалды, іс жүзінде 300 тонна тиеп-жөнелтілді.
— Минералды тыңайтқыш-тарды сатып алу және енгізу бойынша барлық шараларды қабылдау қажет. Мұнда аванстық есеп қолданылады. Тарқатып айтсақ, «ҚазАзот» АҚ зауыттары арқылы, «Қазфосфат» АҚ тыңайтқыштарды сатып алу кезінде тыңайтқыштарды босату үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жалпы соманың 40 пайызын төлейді, ауыспалы өтінім бойынша 60 пайызын өтінім расталғаннан кейін зауыттар алады. Биыл агроөнеркәсіп субъектілерін қолдауға жалпы сомасы 27,9 млрд теңге субсидиялар бөлінді. Қазіргі уақытта күту парағында 9 656,4 млн теңге сомасына 6 230 өтінім тұр. Оның ішінде «Тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау» бойынша 996,0 млн теңге қарастырылған. «Минералды тыңайтқыш-тардың құнын субсидиялау» бойынша 1 027 млн теңге бөлініп, бүгінде күту парағында 5,8 млн теңге сомасына 11 өтінім бар, — деді ауыл шаруашылығы басқармасында.
Бұдан бөлек, биыл «Пестицидтердің құнын субсидиялау» бойынша – 1 757,7 млн теңге, «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау» бойынша — 338,9 млн теңге, «Инвестициялық субсидиялау» бойынша — 8 148,2 млн теңге, «Сыйақы мөлшерлемелерін субсидия-лау» бойынша — 6 359,9 млн теңге, «Мал шаруашылығын дамыту» бойынша — 7 711,4 млн теңге, «Терең өңдеуді субсидиялау» бойынша – 1 540,9 млн теңге және «Субсидиялауды кепілдендіру және сақтандыру» бойынша 23,1 млн теңге көзделген.
— Ағымдағы жылы пестицид-терді бүрку, тұқымдарды, тыңайтқыштарды тарату үшін пилотсыз авиациялық жүйелерді субсидиялау қарастырылады. Сондай-ақ, 50 пайыз өтеу үлесімен ауыл шаруашылығы жерлерін ақбөкендердің шөбі-
нен қоршау үшін топсалы тор мен бағаналарды субсидия-лау қосылды. Бұдан басқа, биыл мемлекеттік қолдау шараларына агроөнеркәсіп субъектілерінің сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауға мүмкіндік беру туралы бірнеше рет өтініш жасауына байланысты 2024 жылғы 25 мамырға дейін сатып алынған шетелдік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын субсидиялауды көздейтін «Аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу» жобасының паспорты қосылды, — деп толықтырды басқармада.
Айта кетейік, ағымдағы жылы жергілікті шаруаларды «Бәйтерек» АҚ құрылымдық бөлімшелерімен кредиттеуге 38,6 млрд теңге, оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы — 18,6 млрд теңге, «ҚазАгроҚаржы» арқылы
20 млрд теңге қарастырылған.
— Көктемгі егіс жұмыстарына кредит беру өткен жылдың қараша айынан басталды. Бүгінгі күні «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 2,5 млрд теңгеге 44 кредит берілді. Сондай-ақ, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 5 млрд теңге бөлінді, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 3,5 млрд теңге көлемінде 1 транш көзделген. Қаражаттың игерілуіне қарай қосымша қаражат бөлу жоспарлануда. Жалпы алғанда, «Аграрлық несие корпорациясы» кредиттеуге шамамен 14,8 млрд теңгені игеруді жоспарлап отыр. Онымен қоса, қазіргі уақытта «Азық-түлік корпорациясы» АҚ арқылы астықты тікелей сатып алу бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл күні жалпы сомасы 275,6 млн теңгеге барлығы 16 өтінім берілді. Сондай–ақ, 2025 жылғы 1 наурыздан бастап астықты форвардтық сатып алу бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама бойынша шамамен 1 млрд теңге бөлінеді, — деді басқармада.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларының арқасында барынша қолайлы жағдайда жедел қаржылық қолдауға ие болуда. Сонымен қатар, несиені рәсімдеу, кейін өтеу кезінде фермерлерге ыңғайлы болу үшін олар жүгінетін қаржы институттарының саны артып келеді. Мәселен, несиені екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы және «Аграрлық несие корпорациясынан» рәсімдеуге болады.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.