Алдағы уақытта мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға салынатын айыппұлдың бір түрі екі есеге дейін ұлғаюы мүмкін. Құзырлы министрлік төрт түлікті уақытылы есепке қоймайтын және дер кезінде вакцинация жүргізбейтін фермерлерді осылай жазалауға бел буған сияқты. Мұндай қадамға баруға соңғы уақытта сібір жарасын жұқтыру дерегінің жиілеуі себеп болған. Ірі қара төлдеген соң 7 күннен кейін бұзауды есепке қойып, құлағына белгі салуға қатысты талапты да кей шаруа қожалық иелері мен жеке аулада мал ұстайтын азаматтар сақтамайтын көрінеді. Десе де, шаруалар айыппұлды бірден еселеу салмақ салатынын алға тартады. Мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Айдарбек САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі (пікір интернеттен алынды):
— Атбасар ауданында сібір жарасын жұқтырған мал уақытында есепке қойылмаған болып шықты. Ол малға бирка да тағылмады. Ал ауруды 19 адам жұқтырғаннан кейін екі ауылда карантин енгізуге тура келді. Бүгінде бирка тақпағаны үшін бірде-бір мал иесіне айыппұл салынған жоқ. Қазірден бастап айыппұл салынады, оны екі есеге дейін көтеретін шығармыз. Осы саладағы бақылауды күшейтеміз. Төрт түлік иелері барлығына жауапты болуы тиіс. Сиыр төлдеген соң 7 күннен кейін бұзауды есепке алып, құлағына белгі қою керек. Автоматты жүйе бар. Бірақ кейбіреулер бұл талаптарды елемейді. Жауапты қызметкерлерге тапсырма берілді. Соған сәйкес, олар үй-үйді аралап, азаматтарға талаптарды түсіндіруі керек. Малды сатып алып, базарларда саудаға қоятын кей сатушылар да кәсібін рұқсатқағаздарсыз әрі ветеринарлық анықтамаларсыз дөңгелетіп отыр. Оларға да қылмыстық жауапкершілік қарас-тырылады. Заңға осындай норма енгізуді жоспарлап отырмыз.
Анита ПЕТЯКШЕВА, ветеринар дәрігер:
— Негізі, шаруа қожалық иелеріне айыппұлдар көп салынып жатыр. Олардың малдарын уақытылы таңбалау, белгі салу, вакцинация жүргізуден де басқа мәселелері көп. Бұл тек малмен күн көріп отырған кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар үшін салмақ салатыны түсінікті. Негізі ішінара болмаса, барлығы өз уақытында орындауға тырысады. Бүгінде малды тіркемегені үшін салынатын айыппұлдың көлемі 30 мың теңгені құрайды. Енді оны екі есеге дейін көтеретін болса, ауыртпалық болады деп ойлаймын. Жалпы, тәртіп бойынша мал төлдегеннен кейін жеті күннің ішінде тиісті органға хабарлап, оны есепке қоюы керек. Ал сатып алған малды үш күнде тіркеу қажет. Яғни, жергілікті жердегі ветеринар пунктіне хабарлайды, біздің мамандар бірден барып, сырғасын салып, базаға қосады. Қазір көпшілік бұл талапты жақсы біледі. Уақытылы орындауға тырысады. Себебі, бұл рәсім өздеріне керек. Егер бұл шараларды уақытында орындамаса, сату, субсидия алу кезінде қиындық туындайды. Әрине, бес саусақ бірдей емес, ауыл адамдарының барлығы тиянақты деп айта алмаймын. Арасында мал басын рәсімдеуге салғырттықпен қарайтындар да бар. Бірақ оларға басқа шара қолдану керек деп ойлаймын.
Өмірбек КӨҢБАЙ, Шарбақты ауданының тұрғыны:
— Мен тәртіпті жақсы көремін. Мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін барлық ем-шараларды уақытында жасатып отырған дұрыс. Бұл — әркімнің иелігіндегі малдың денсаулығы үшін жасалатын нәрсе. Яғни, қанды уақытында тапсырып, денсаулығын уақытында тексертіп отырудың еш артықшылығы жоқ. Оның сыртында төлдеген малды уақытында тіркеп, бірден құжатын алып аламыз. Өкінішке қарай, қазір ауылда өз малына салғырт қарайтын азаматтар да бар. Уақытын өткізіп алады да, сосын әкімдікті, ветеринарларды кінәлап жүреді. Тіпті, тіркеуден бөлек жер алмай, салық салмай, мал өсіргісі келетіндер де көп. Ал жайылымға арналған жерлері жоқ болғаннан кейін малдары егінге түседі, не болмаса автожолға шығып, көлікке қағылады. Мұның барлығы салғырттықтың салдарынан болып жатыр. Сондықтан, билік орындары осылай айыппұлдың көлемін ұлғайту арқылы тәртіпке салуды көздеп отырған болар. Бәлкім, сол кезде тәртіп орнайтын шығар. Егер әркім өз ісіне ұқыпты қараса, не үшін айыппұл арқалайды? Сондықтан, мәселенің екі ұшы бар екенін әрдайым естен шығармау керек.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.