Қазақстанда 2024-2026 жылдар кезеңінде астық өңдеу бойынша 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР АШМ агро азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепованың айтуынша, астық өңдеумен ұн, жарма, макарон және басқа да өнімдер өндіретін 350 кәсіпорын айналысады. Ұн өндірісі (3,2 млн тонна) ішкі тұтынудан асып түседі және экспорттық жеткізілім көлемі бойынша (1,9 млн тонна) әлемде жетекші орындардың бірін алады. Макарон, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, крахмал өнімдері, глютен, биоотын және тағы басқа өндірісі дамуда.

— Саланың дамуын ынталандыру үшін инвест субсидиялар (50 пайызға дейін), несиелер мен салықтар бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ, экспорт кезінде көлік шығындарын өтеу көзделген. Қытайға астық өңдеу өнімдерінің экспортын кеңейту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Салаға инвестициялар ағыны артып келеді. 2023 жылы азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 156 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 118,8 млрд теңге сомасына 48 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл жетістіктер инвестициялық субсидияларды, шикізатқа субсидияларды, салықтық жеңілдіктерді қамтитын тиімді мемлекеттік қолдау шараларына негізделген, — деп атап өтті Н.Хатепова.

АШМ Үкімет бекіткен 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың Кешенді жоспарына сәйкес азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін 2028 жылға қарай 1,4 есеге ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін 70 пайызға дейін жеткізу жоспарланғанын еске салды.

2024 жылдың 9 айында ҚР-да 2,4 трлн теңгеге азық-түлік өндірілді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8 пайызға артық. Сүт өнімдері, қант және өсімдік майы өндірісінің өсуі байқалады. Республикада майлы дақылдарды өңдеумен 80 кәсіпорын айналысады. 2023 жылы олар 672 мың тонна май өндірді, бұл ішкі тұтынудан едәуір асады (368 мың тонна). Ағымдағы жылы өндірісті 750 мың тоннаға дейін ұлғайту болжанып отыр. Қантты 2023 жылы ішкі нарық қажеттілігінің 44 пайызын (507 мың тонна) қамтамасыз еткен төрт жұмыс істеп тұрған зауыт өндіреді, бұл ретте қанттың 13 пайызы отандық шикізаттан өндірілген. Саланы қолдау үшін субсидияларды, салықтық жеңілдіктерді ұлғайтуды қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді және Жамбыл облысы мен Павлодарда екі жаңа зауыт салу мәселесі қаралуда.

Сонымен қатар, өткен жылы 2,1 млн тонна сүт өңделді, жалпы сомасы 584,8 млрд теңгеге сүт өнімдері өндірілді. Қайта өңдеумен жылына 2,7 млн тонна сүт өндіретін 180 кәсіпорын айналысады, жалпы жүктемесі — шамамен 77 пайыз. Импортты одан әрі алмастыру және қуаттардың жүктемесін арттыру үшін тауарлы сүт фермасының құрылысына жеңілдікпен несие беру жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ, қуаттылығы жылына 400 мың тонна (құс етін есептемегенде) және жүктемесі 54 пайыз болатын 210 ет өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Салқындатылған ет нарығы 101 пайызға, шұжық өнімдері 60 пайызға, консервіленген ет өнімдері 28 пайызға қамтамасыз етілген.

 

А.МҰҚЫШЕВ.