Әзірлік жүргізілуде

Нау 26, 2026

Көктем – ауыл шаруашылығы үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Дәл осы уақытта жыл бойғы өнімнің негізі қаланады. Биылғы егіс науқаны қалай өтеді, шаруалар қаншалықты дайын және қандай нәтижелер күтілуде? Осы сұрақтар төңірегінде өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Гүлмира Әйткеновамен  сұхбаттасқан едік.

– Биылғы көктемгі дала жұмыс-тарына дайындық деңгейі қандай? Егіс науқаны қашан басталады және алқап көлемі қалай өзгереді?

— Жалпы алғанда, дайындық деңгейі жақсы деп айтуға болады. Барлық негізгі бағыттар бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, көктемгі науқанға қажетті шаралар жасалуда. Дәстүрге сәйкес, қар жамылғысы ерігеннен кейін ылғал жабу жұмыстары сәуір айының екінші онкүндігінде басталады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 1 703,2 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 мың гектарға артық.

Өсім негізінен астық, майлы және жемшөп дақылдарының есебінен қамтамасыз етілуде. Мысалы,  дәнді дақылдар көлемі 849,1 мың гектарға жетеді,  майлы дақылдар 549,7 мың гектарды құрайды, жемшөп дақылдары 264,4 мың гектарға ұлғаяды. Ал картоптың егіс көлемі сәл қысқарып, көкөніс пен бақша дақылдары өткен жылдың деңгейінде сақталады.

– Шаруашылықтар сапалы тұқыммен толық қамтамасыз етілді ме?

– Иә, тұқыммен қамтамасыз ету деңгейі 100 пайызды құрайды. Биылғы өнімге 171,1 мың тонна тұқым дайындалды. Бұл – барлық негізгі дақылдар бойынша толық қамтылғанын білдіреді. Сонымен қатар, тұқымдардың сапасына да ерекше мән берілген. Суперэлита мен элиталық тұқымдардың үлесі жоғары, бұл болашақ өнімнің сапасына оң әсер етеді.

– Ауыл шаруашылығы техникалары мен жанар-жағармайға дайындық қалай?

– Техника толық дайын. Көктемгі жұмыстарға мыңдаған трактор, сепкіш, соқа және басқа да қажетті құралдар жұмылдырылады. Бұл көлем егіс науқанын уақытылы әрі сапалы өткізуге жеткілікті. Жанар-жағармай мәселесі де шешімін тапқан. Биыл 27,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның бағасы нарықтан шамамен 15 пайызға төмен, бұл — шаруалар үшін үлкен қолдау. Өңірлік операторлар анықталып, жанар-жағармай жеткізу жүйесі реттелген.

– Тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары жеткілікті ме? Шаруаларға қандай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде?

– Иә, бұл бағытта да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы минералды тыңайтқыштарды жеткізу көлемі 159 мың тоннаны құрайды. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл өсімдік шаруашылығын қолдауға 9,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат тыңайтқыш, пестицид, тұқым шаруашылығы және басқа да маңызды бағыттарды субсидиялауға жұмсалады. Сонымен қатар, қаржылай қолдау да жалғасуда. «Байтерек» холдингі арқылы көктемгі дала жұмыстарына 14 млрд теңгеден астам сомаға несиелер берілді. Бұл шаруалардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі.

– Ауа райына байланысты қандай тәуекелдер бар және оған дайындық қалай?

– Қазіргі таңда алқаптарда қар жамылғысы әлі сақталып отыр. Сондықтан нақты болжам жасау әзірге ерте. Барлық тәуекелдер сәуір айында, қар толық ерігеннен кейін жан-жақты талданады. Сол кезде нақты жағдайға байланысты тиісті шаралар қабылданады.

– Биылғы егіс науқанынан қандай нәтиже күтілуде?

– Негізгі мақсат – жоспарланған көрсеткіштерді толық орындау. Яғни, егіс алқаптарын тиімді игеріп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына өңір толық дайын. Техника, тұқым, жанар-жағармай және мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде қамтамасыз етілген. Ендігі нәтиже ауа райы жағдайлары мен шаруалардың үйлесімді жұмысына байланысты болмақ.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Сара ӘБДОЛ.