Жуырда еліміздің барлық кинотеатрында «Шоқан. Қашқария сапары» атты шытырманға толы тарихи анимациялық фильмі жол тартты. Аталмыш туынды белгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай дайындалды.
Бұл анимациялық жоба – кішкентай көрермендерді белгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың үздік экспедицияларының бірі болған Қашқария сапарымен таныстырады.
Оқиға 8 жасар Азаттың кенеттен 1858 жылға тап болуынан басталады. Азат генерал-губернатордың бұйрығымен жұмбақ Қашқарияға сапар шеккелі жатқан экспедитор Шоқан Уәлихановты кездестіреді. Ол көзден таса жерде Шоқанмен досы Якуб Янкуловтың Қашқарияға жасырын кіру жолын ақылдасып жатқанын естиді. Бір кезде Якуб Құлжа қаласындағы атақты Қашқар көпесін есіне түсіреді. Ол 20 жыл бұрын Әлім деген баласымен Семейге келген болатын. Шоқанға сол баланың есімін жамылып, Әлім болуды ұсынады. Оның жасы да Шоқанмен шамалас еді. Бұл әңгіменің бәрін естіп тұрған Азат өз дәуіріне тек Қашқария сапары арқылы қайта алатынын түсінеді. Ол астыртын түрде керуенмен Батыс Түркістанға (Қашқария) баруға бел буады.
Шоқан көпестерден ерекшеленбес үшін шашын алып, сырт келбетін өзгертеді. Сол сәттен бастап олардың қызыққа толы Қашқария сапары басталады. Жолда түрлі шытырман оқиғаларды бастан кешіп, Орталық Азияның тылсым да ғажайып өмірімен танысады.
Мультхикая дәстүрлі тарихи мазмұнмен ғана шектелмейді. Оқиғаға ерекше қызық қосатын –
фантастикалық кейіпкерлердің болуы. Олар оқиға желісін динамикамен толтырып, жас көрермендерге тартымды етеді. Бұл тәсіл арқылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясы балалардың тарихи тұлғаларға деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
Өз тілшіміз.