Адам бойындағы жақсы қасиеттердің бірі – мейірім-ділік. Мейірімді адам басқа адамдарға, туыстарына, табиғатқа деген жанашырлық сезімін, қамқорлығын көрсетуге дайын тұрады.
Інім екеуміз жазғы демалыстың басында атамның ауылына бардық. Қой, ешкі төлдеп, қорада у-шу. Бақырауық ақ ешкі де төлдепті. Бірақ аппақ лақтардың сыңары әлсіз туған ба, шапшаң қимылдайтын мал орнынан тұра алмады. Інім екеуіміз лақтың жанынан шықпай, басынан сипап: «Ата, лақ енді тұра алмай қалса не істейміз?» деп сұрадық.
Атам бізге мейірлене қарап: «Менің балаларым мейірімді. Кішкентай төлге жандары ашып тұр. Әлі-ақ лақтарың қатарға қосылып кетеді. Бөтелкеге сүт құйып, емізікпен беріңдер», деді.
Біз өзіміз тамақтанған сайын лағымызға сүт ішкізіп тұрдық. Ол әлденіп, күш жинаған соң енесі мен сыңарының жанына қостық. Атам маңдайымыздан мейірлене иіскеп: «Кішкентай мейірбандарым менің!» деді. Осы сөзден жүрегіміз шаттықтан тулап кетті.
Аян ЕСБОЛОВ, №24 орта мектептің 6-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.