Бала тілін тапқан қаламгер

Қаз 9, 2025

Есентай Ерботин 1940 жылы 13 қазанда қазіргі Баянауыл ауданының Мәшһүр Жүсіп ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиет факультетіне түскен. Оны аяқтаған соң біраз уақыт ауыл мектебінде ұстаз болып қызмет етеді. Тағдырдың жазуымен Қарағанды облыстық радио комитетінде редактор болып қызмет істеп жүргенде, 1960 жылы әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Чучев қаласында азаматтық борышын өтеген. Әскерден кейін қаламын қайта қолына алды. Павлодар облыстық телевизия мен радиохабар тарату жөніндегі комитетінде редактор, Қазақ радиосында аймағымыздың меншікті тілшісі, «Мұрагер» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. Ақынның алғашқы өлеңдері 1959 жылы облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрді.

Пайдалы

Жаяу жүрген пайдалы,

Жүзің жарқын, жайдары.

Жуымайды ешқандай

Ауру-сырқау қайдағы.

 

Жаяу жүрген пайдалы,

Жүзің жарқын, жайдары.

Аралауға шақырар

Туған өлке аймағы.

 

Тезірек

Тезірек, тезірек

Қатарға тұрайық!

Тезірек, тезірек

Сапарға шығайық!

 

Біздерді үнемі

Алыстар күтеді.

Біздерді жүлделі

Жарыстар күтеді.

 

Сүрлеу

Апарады тауға да,

Апарады бауға да.

Әкеледі қайтадан

Туып-өскен аулаға.

 

Апарады алысқа,

Апарады ғарышқа.

Әкеледі қайтадан

Атамекен қонысқа.

 

Достық

Үзім нанды бөліскен,

Ынтымағы келіскен

Достық аулақ тұрады

Ұрлық, ұрыс-керістен.

 

«Білгіш» баля

Қайдан келген бұл бала,

Өзін білгіш санайды.

Бізді көрсе бұлдана,

Шекесінен қарайды.

 

Білетіні көп екен,

Түйе айдаса, «шек» дейді.

Түйенікі жөн екен,

Оған елең етпейді.

 

Қолына алып қурайды,

Ешкі айдаса, «шөк» дейді.

Естімеген мұндайды

Ешкі тыпыр етпейді.

 

Мағынасын айырып,

Сөйлеуді өзі білмейді.

«Жылқы күйіс қайырып»,

«Сиыр жусап тұр», – дейді.

 

Жұрттан сұрап дұрысын

Білсе несі кетеді…

Құптамайды бұл ісін,

Ауыл мазақ етеді.

Есентай ЕРБОТИН.