Қашықтан өткен республикалық «Ақ шағала» хореографиялық фестиваль-байқауы еліміздің облыстық кезеңдерінде жеңіске жеткен үздік би ұжымдарын біріктірді. Фестиваль барысында облыс намысын қорғаған «Вдохновение» үлгілі би ансамблі топ жарды.
Байқаудың басты мақсаты – талантты балаларды анықтау ғана емес, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілік құндылықтарға баулу, үйлесімді тұлға тәрбиелеу және шығармашылық өсудің жаңа көкжиектерін ашу.
Осы өнер додасында облыс намысын М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Вдохновение» үлгілі би ансамблі қорғады. Ұжым «Халық биі және халықтық стильде орындалған би» және «Заманауи би» аталымдарында өнер көрсетіп, өздерінің жоғары техникасын, сахналық мәдениетін паш етті.
Ансамбльге ерекше танымал-дылық әкелген «Октябрь» қойылымы болды. Дәл осы биімен ұжым «Заманауи би» аталымында 1-орынды иеленді. Сондай-ақ, ансамбль I дәрежелі дипломмен, ал әрбір қатысушысы жеке сертификаттармен марапатталды. Ұжым жетекшілері Галина Лапухина мен Александра Рыспаева да жоғары кәсібилігі, шығармашылық көзқарасы және еңбегі үшін I дәрежелі дипломдарға ие болды.
«Вдохновение» би ансамблі үшін «Ақ шағала» байқауына қатысу жай ғана жарыс емес, шығармашылық жолындағы маңызды белес болды. Бұл жетістік ансамбльдің жоғары мәртебесін тағы бір дәлелдеп, жаңа жетістіктерге шабыттандыра алатынын көрсетті.
Өз тілшіміз.