(Леда МИЛЕВА, болгар жазушысы)
Оңтүстіктен жылы жел есті. Екі гүл тұқымы көктемнің келіп қалғанын сезіп, жіңішке өскіндерін жіберді.
Бірінші өсімдік көк аспанды көріп, оның гүлдері бірден көк түске айналды.
Ал екінші өсімдік күлімдеген алтын күнді көріп, алтын тәж киді. Ол тұманның дымқыл ауасымен тыныстап, алаңқайдың ортасында тұрып, маңайындағыларға былай деп үн қатты:
– Естеріңде болсын, әдемі нәрсенің бәрі алтын түстес болады! Бидайдың дәні де, жарқыраған күн де алтындай сап-сары. Сонымен бірге мына мен Бақбақ атансам да, басымдағы тәжім бүкіл бойыма алтын сәулесін төгіп тұр. Мына тұрған көк гүлдей емес, мен – алтынмын! Оу, досым, сенің атың кім, айтшы бізге?
– Білмеймін… Маған ешкім айтқан жоқ…
Кешкіде бұлардың жанына Құмырсқа келді.
– О-ой, мен қатты шаршадым… Еңбектеп жүру маған өте ауыр… Ал менің илеуім өте алыста! Қараңғыда түбірлердің арасында еңбектегім келмейді. Сендермен бірге түнеп шығуыма бола ма?
Алтын Бақбақ естімегендей сыңай танытты.
Көк гүл:
– Түн жақындап келеді. Менің жанымда бол. Демал, – деп сыбырлады.
Сөйтіп Құмырсқа көк гүлдің түбінде жатып ұйықтап кетті. Жақсы демалды. Жұлдыздар көгілдір от болып жанды. Түні бойы ол көгілдір түс көрді. Түсінде бейнебір көк толқынның ішінде жүзіп жүргендей, көк жапыраққа отырып, көгілдір өзеннің бойымен келе жатқандай, көк ракетамен көк планетаға ұшып келе жатқандай.
Таңертең Құмырсқа осы түнді ұмыта алмайтынын, өз жеріне тезірек жетіп алса, қатты риза болатынын айтты.
Сонда гүл:
– Бізге жиі келіп тұр. Сау бол, Құмырсқа! – деді жымиып.
– Сау бол, Ботагөз!
Осылай көк гүл өзінің атын білді.
Алайда Бақбаққа бұл ұнамады. Ол өсіп, мүлде алтын түске енді.
Бірде Құмырсқа қайта келіп, Ботагөзден:
– Сенің алтын тәжі бар досың қайда? – деп сұрады.
– Енді ол жоқ… Ол қашан да менімен өте құлықсыз сөйлесті. Менің тұрған бойым түгел алтын, деп өркөкіректікпен ісініп-кепті… Ал сосын соңы не болды?.. Бұған жауап беру өте қиын… Ол кенеттен ағарып, жеп-жеңіл болып кетті де, оны ұйтқи соққан жел ұшырып әкетті! «Ә» деуге де мұршасын келтірмеді. Міне, орнында оның тек кепкен сабағы ғана қалды…
– Ботагөз, саған жалғыз қиын ғой, – деді Құмырсқа. – Қаласаң, мен сенің жаныңда қалайын. Күндіз мен тынымсыз жұмыс істеймін. Ал таңертең көзімді аша салысымен, мен саған өзімнің көрген көк түстерімді айтатын боламын. Менің түстерім ертегі сияқты, құпияларға толы…
– Керемет! – деді Ботагөз жүзі қуаныштан бал-бұл жанып. Сосын жеңіл жапырақпен сенімді досы – Құмырсқаның үстінен аялап сипап өтті.
Серік САТЫБАЛДИН, Орыс тілінен аударған, Павлодар қаласы.