Адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Сол себепті дәрігер мамандығы – адамзат үшін жауапты, құрметті салалардың бірі. Мен де болашақта осы жолды таңдап, адамдарға көмек көрсеткім келеді. Өйткені, дәрігер болу – тек мамандық емес, бұл – адам жаны мен өміріне жауапкершілікпен қарау, жан қиналғанда жұбату, үміт берген қасиетті міндет.
Мен дәрігер болсам дейтінімнің басты себебі – адамдарға пайда әкелу, ауырған жанды емдеп жазу. Ауруханадағы ақ желеңді адамдарды көрген сайын оларды ерекше күшке ие жандардай сезінемін. Себебі, олар – бір қолымен жанды емдеп, бір сөзбен үміт отын жағатын тұлғалар. Мен де дәл сондай мейірімді, білікті дәрігер болғым келеді.
Бұл жолдың оңай емес екенін жақсы түсінемін. Дәрігер болу үшін көп оқып, үздіксіз ізденіп, ғылымға қызығушылық таныту қажет. Анатомия, биология, химия – бәрі де терең білімді талап етеді. Сонымен қатар, сабырлылық, мейірім, жауапкершілік, батылдық секілді қасиеттер әрбір дәрігердің бойында болуы тиіс. Осы қасиеттерді өзімнен табуға және дамытуға тырысып жүрмін.
Болашақта мен адамдарға тек дәрігер ретінде емес, сырлас, қолдаушы, үміт сыйлаушы ретінде көмек көрсеткім келеді. Әрбір емделушінің жазылып шыққаны – дәрігердің зор жетістігі, үлкен қуанышы. Сол қуанышты мен де сезінгім келеді.
Арман – адамды алға жетелейтін күш. Менің арманым – ақ халат киіп, елге қызмет етіп, өміріне шуақ сыйлайтын абзал жан болу. Осы мақсатқа жету үшін аянбай еңбек етіп, білімімді тереңдетіп, адамгершілігімді сақтауға дайынмын.
Нұртілек ШИШХАН, Б.Уахатов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы, Аққулы ауданы.
