Елімді не үшін сүйемін?

Жел 18, 2025

«О, туған жер, қадіріңді кім білген?

Мен қырыңда теруші едім бүлдірген.

Артық екен сенде өткізген бір күнім,

Басқа жерде той тойлаған мың күннен», – деп ақын ағамыз Тұманбай Молдағалиев жырлағандай, туған жеріміздей жерді Асан қайғыға ұқсап желдей жүйрік желмаяға мініп, жер бетін шарласақ та таппаспыз. Бірақ сол алтыннан ардақты бағалы дүниеміздің қадір-қасиетіне кейде жете бермейміз. Кейде адам туған жерінің қадіріне жетіп, оны құрметтеп-қадірлеуі үшін өзге елге жіберіп, елге келгенше, елді көргенше ынтық қылу керек пе деп ойлаймын. Өзге елде билігі мен байлығы асқан, Мысырдың билеушісі болған Бейбарыс сұлтанның өзі туған жерді өмір бойы аңсап өткен жоқ па?

Қазақстан – біздің жүре-гіміздегі үлкен сүйіс-пеншілік мекені. Қазақстан – жылылық пен жарық өлке. Қазақстан – достық пен сезімдер түйіні. Оның барлығы — менің, сенің, біздің елге деген зор ықыласымыз, сүйіспеншілігіміз. Бірақ Қазақстанды неге, қалай, не үшін жақсы көретінімізді дөп басып айтып бере алмайды. Сондықтан осы сұрақтарға жүрегімнің түкпірінен іздеп, ой-пікіріммен жауап бергім келеді.

Елімізді сүюдің бірінші себебі — бұл – біздің кіндік қанымыз тамған, тәй-тәйлап алғашқы қадам басқан, ата-бабамыз қасық қаны қалғанша қорғаған, атадан балаға мирас болған ыстық жер. Қазақстанды бірінші кезекте туған жеріміз, отанымыз болғаны үшін сүйеміз. Екінші себеп: Қазақстан – бізге жылы естеліктерді сыйлаған жандар тоғысқан мекен. Елден шеттеп шыққанда бірінші жақындарымызды сағынамыз. Үшінші, өзге елге ұқсамайтын, өзге елден іздесең де таба алмайтын ерекшеліктері үшін, тек өзіне тән қадір-қасиеті үшін сүйеміз. Төртінші себеп, Қазақстанда қанша ғасыр бойы түрлі ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың діні де, тілі де, ұстанымдары да, салты да, ғұрпы да бөлек. Бірақ бір шаңырақ астында, сол шаңырақты шайқалтпай, құлатпай өмір сүріп келеді. Бұл да Қазақстанды сүюге бір себеп. Кейбір мемлекеттерде өзге түгілі, өз ұлтымен сыйласпау кездеседі. Ал біздің елде 130-дан астам ұлт өкілі бір нанды бөліп жеп, араласып-құраласып, сыйластықта өмір сүріп жатырмыз. Бұл себептердің ішіндегі басты себеп, әрине, Қазақстан – біздің Отанымыз. Қазақстанды сүюге басқа себептің қажеті де шамалы.

Мен елімді бар болмысымен сүйемін. Таңының атқанынан күнінің батқанына дейін, кішкентай тасынан бастап көк тіреген тауына дейін, қыбырлаған жәндігінен бастап жан-жануарына дейін, нулы орманын да, жазира жазық даласын да, терең де тұңғиық көлін де, ағысты өзенін де, қапырық шөлін де, көк аспанын да сүйемін. Көне тарихын да, мерейлі мәртебесін де, әдемі әдебиетін де, көпұлтты халқын да, бірлікке шақырған шаңырағын да, салт-дәстүрін де, әдет-ғұрпын да, мәңгілік мәдениеті мен әдебін де, адамдардың бір-біріне деген сыйлас-тығын да, қонақ десе құшағы ашық тұратын қонақжайлығын да, қайта-рымсыз мейірімі мен сүйіспеншілігін де сүйемін.

 

Кәрима САЙЛАУБАЙ,

Ж.Тәшенев атындағы

орта мектептің

10-сынып оқушысы,

Павлодар қаласы.