Жаз — балалардың көптен күтетін демалыс уақытының бірі. Бұл мезгілде балалар ойын ойнап, тынығып, жаңа достар тауып, қуанышқа бөленіп, келесі оқу жылына жаңа күшпен, жаңа оймен келетін кезі.
Мен үшін бұл демалысым қызықты өтіп жатыр. Өйткені, мен мектеп жанындағы «Jas Skills» жазғы сауықтыру лагеріне қатысып жатырмын. Бұл лагерь менің өміріме ұмытылмас әсер қалдырып, алдағы демалысты шабытпен өткізуге жол аша түсуде.
Лагерьдегі күндер көңілді әрі пайдалы өтуде. Таңғы жаттығудан бастап, түрлі ойын мен сайыстарға дейін қызықты өтіп жатыр. Күн сайын спорттық жарыстарға қатысып, сурет салып және қолөнермен айналысамыз. Әр күні жаңа бағдарламамен ерекшеленіп отырады, сондықтан жалығу мүмкін емес. Маған, әсіресе «Көңілді мәре» спорттық жарысы ұнады. Бұл жарысқа лагерьдегі барлық топ қатысты. Бұл күні күн шуақты болды. Балалардың да көңіл-күйі жарқын болды. Жарыс әртүрлі қызықты ойын мен эстафеталардан тұрды.
Биылғы жазғы сауықтыру лагерінде біз тек ойын ойнап, демалып қана қоймай, көптеген жаңа нәрсені үйреніп жатырмыз. Лагерь ұйымдастырушылары бізге ерекше күндер сыйлауда. Жақында біз Павлодар қаласындағы мұражайлар мен көрікті жерлерге саяхат жасадық. Онда біз көне заттарды, ұлттық киімдерді, тарихи суреттер мен жәдігерлерді көрдік. Мен бұрын-соңды білмеген көп деректі білдім. Лагерьдің арқасында мен жаңа достар таптым, өз-өзіме сенімді бола түстім және бос уақытымды тиімді өткізуін үйрендім. Бастысы, лагерьде өтіп жатқан күндерім маған шаттық пен бақыт сыйлауда. Мен келесі жылы да осы лагерьге барғым келеді. Өйткені, бұл — демалыс орны ғана емес, қуаныш пен достыққа толы ғажайып әлем!
Нұрасыл ҚАБИДЕН,
Қ.Бекқожин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.