Жуырда Түркия елінің Аланья қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды музыканттар мен орындаушыларды жинаған «Global Art Competition» атты IV халықаралық байқауы өтті. Оған Павлодар қалалық музыкалық колледж-мектебінің оқушылары қатысып, шеберлік пен шығармашылықтың жоғары дең-гейін көрсетті.
Мәселен, музыкалық колледж-мектебінің 7-сынып оқушысы Әнел Даниярдың жеңісі ерекше болды. Ол өзінің оқытушысы Яна Касьянның жетекшілігімен 1-орынға ие болып, алтын медаль жеңіп алды. Екінші орын мен күміс медальді оқытушы Тамара Кочневаның жетекшілігімен 8-сынып оқушысы Жәмилә Сыздықова иеленді. Ол техникасының жоғары деңгейімен және эмоционалды тереңдігімен ерекшеленді. Жәмиләның бұл қасиеті қазылар алқасының назарынан тыс қалмады. Концертмейстер Колаян Марго Хачатуровнаның да жұмысын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, музыкалық колледждің «Ішекті аспаптар» бөлімінің студенті Дана Ибраева І дәрежелі лауреат атанды. Ал «Этномикс» тобының қатысушысы Мэлс Айым шығармашылық ұжым құрамында конкурстың бас жүлдесін алды. Байқауға Қазақстан, Ресей, Түркіменстан, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа елдердің өкілдері қатысты.
Одан бөлек, музыкалық колледждің «Фортепиано» бөлімінің 3-курс студенті Әмина Ғабдуллина Тұңғыш Президент Қоры жариялаған студенттік стипендияның иегері атанды. Конкурсқа еліміздің бірнеше қаласынан 224-тен астам студенттік өтінім берілді. Байқау шарттары бойынша 40 студент жеңімпаз деп танылды. Жаңа оқу жылы ішінде олар ай сайын қырық мың теңге көлемінде стипендия алатын болады. Қордың стипендиялары жеке тұлғаға, бір оқу жылына белгіленеді.
А.БОРАНБАЕВА.