Журналист болғым келеді

Қыр 11, 2025

Болашақта журналист болғым келеді. Жалпы, журналист дегеніміз — жаңалықты халыққа жеткізетін адам. Олар әрдайым елдің ішінде жүріп, түрлі қызықты жағдайдың куәсі болып жүреді. Бұл мамандық сонысымен қызықты көрінеді.

Мәселен, олар көп ізденеді, сұрақ қояды, суретке түсіреді. Түрлі тақырыпта жазба, мақала жазады және телеарнаға жаңалықтар әзірлейді.

Менің ойымша, журналистің басты қасиеті – шындықты айту. Әрі халыққа дұрыс ақпарат беруі керек. Сондай-ақ, әрқашан батыл, адал, ақылды және еңбекқор болуы тиіс.

Егер мен журналист болсам, еліміздегі жақсы жаңалықтарды көбірек жазар едім. Мысалы, жаңа мектептердің ашылғанын, оқушылардың жетістіктерін, ауылдағы мерекелерді халыққа жеткізгім келеді. Әлемде болып жатқан қызықты оқиғаларды да айтып бергім келеді. Журналист адамдармен көп сөйлеседі. Маған да адамдармен әңгімелескен ұнайды. Әр түрлі мамандық иелерінен сұхбат алып, олардың еңбегін халыққа таныстырғым келеді.

Мен қазіргі уақытта көп кітап оқып, дұрыс жазуды және әдемі сөйлеуді үйреніп жүрмін. Өйткені жақсы журналист болу үшін білімді болу қажет.

Менің арманым – теледидар арқылы көпшілікке ақпарат тарату, диктор болу. Сонда ата-анам мен ұстаздарым мені көріп мақтанар еді.

Ақкербез ТІЛЕУБЕРДІ, А.Шамкенов атындағы №16 орта мектептің 2-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.