Бала күнімде арманымда шек болмаушы еді. Көрген де, көрмеген де нәрсемді армандай алушы едім. Өсе келе адамның ақыл-ойы толысып, өмірді шынайы бейнесінде қабылдай бастайтындықтан, арманыңның бағыты да өзгеруі мүмкін екен.
Өскенде кім боламын? Қандай мамандықты таңдаймын? — деп көп ойланамын. Мамандық таңдау — өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау деп түсінемін. Өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, араласқың келетін ортаны да таңдау деген сөз. Өмірде адам екі нәрседен қателеспеу керек. Біріншісі — жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда жаңылмауы тиіс. Өмірден өз орнын тауып, адал еңбек ету әр адамның арманы деп ойлаймын. Әрине, әр адамның таңдауы әртүрлі. Ал менің арманым — дәрігер болу. Дәрігер — ол ауырып қалған адамды сауықтырып, өмір сүруіне күш салатын жандар. Сондықтан халқымыз «Ақ халатты абзал жандар» — деп бекер айтпаған. Адам өміріне деген жауапкершілік, адалдық және үлкен жүрек керектігі сөзсіз. Науқастарға көмегім тисе, мен өзімді бақытты жанмын деп есептер едім. Бастысы, адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзін қоршаған ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, мамандығын сүйіп таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Еңбегінен қуаныш таба білсе ғана шабыты артады. Ойымды қорытындылайтын болсам, өзім қалаған мамандық иесі боламын. Әрине, бұл жолда талай қиындықтар туындайтынын білсем де, өз мақсатыма жететініме сенемін.
Кәусәр БАТЫРБЕКОВА,
№1 орта мектептің 7-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.