Кітап — асыл қазына

Шіл 10, 2025

Менің өмірімде кітаптың алатын орны ерекше. Өйткені, бала кезімнен кітапқа құмартып өстім. Балабақша кезінен бастап суреті көп ертегілерді қарап, тыңдағанды ұнататынмын. Уақыт өте келе кітаптың беттері көбейіп, суреттері азайды. Себебі мен өсе бастадым. Мұндай кітаптар мен үшін қоршаған әлемді ашты. Күннен-күнге кітапқа деген қызығушылығым арта түсті.

Кітап оқи отырып ондағы әлемге саяхаттап, таным-түсінігіңді арттырасың.  Көркем әдебиетті оқи отырып, адам тануды үйренесің. Бәрінен бұрын кітап адамшылыққа үйретеді.

Айналаңа қарап отырсаң, кітап оқитын жандар мен кітап оқымайтындардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Кітапқа құмар жан әртүрлі тақырыпта еркін сөйлей алады. Онымен қоса, құнды пікірлермен бөлісіп, ой алмасасың. Жақсы  кітап адамды тек жақсылыққа баулып, дүниеге деген көзқарасыңды кеңейтеді. Сондықтан оны адамның жанашыры, жақын досы деуге болады.

«Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол» деп бекер айтылмаған. Кітап біздің білімге деген құштарлығымызды ашады. Кітап оқыған адам шетте қалып қоймайтыны анық. Ғаламторда бос уақытыңды босқа өткізгенше, кітап оқуға шақырамын!

Альмира ЖҰМАЛИНОВА, Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектептің 6–сынып оқушысы, Павлодар қаласы.