Күн, Ай және Қара түнек

Шіл 10, 2025

Айман АБУ-ШААР, Сирия жазушысы

Бұл болған ба әлде болмаған ба… дегенмен мынадай сөз бар. Дамаскте бір ғалым адам өмір сүріпті. Оның кішкентай қызы болыпты. Кішкентай қыз бір
күні:

– Неге Ай түнде жарық береді? Бірақ жарық берсе де, неге жылуы жоқ? Ал Күн күндік жарық береді және бәрін жылытады. Неге солай? –
деп сұрапты әкесінен.

Сонда әкесі:

– Себебі Ай жарық сәулені өз бойынан шығармайды, айна сияқты Күннен түскен сәулені шағылыстырады. Ал Күн болса, қызуы өте күшті, лапылдаған алып жұлдыз. Ол жарық та береді, жылу да береді… Тыңдасаң, саған Күн, Ай және жарықтың зұлым жауы Қара түнек туралы ертегі айтып берейін, – деп жауап береді.

Сөйтіп ол қызықты ертегіні бастап кетті. Өте ерте уақытта Күн мен Ай ажырамас дос болыпты. Олар шетсіз-шексіз аспан әлемінде бірге қалықтап жүріп, бір-бірінің достық ниетіне қатты риза болады және жайнаған шоқ гүлдей жұлдыздарды жағады.

Сол ерте дәуірде Күн өзінің ыстық жалынды сәулесімен Айды жылытып тұрғандықтан, Ай қазіргідей салқын болған жоқ. Сонымен бірге Күн Айға сыйлаған сиқырлы алқа оның өн бойына нәзік қызғылт сәуле төгіп тұрды.

Айдан, Күннен және жыпырлаған көп Жұлдыздардан басқа Аспан әлемінде жарық пен жылуды көре алмайтын Қара түнек те өмір сүрді.

Ол жарық сәуле төккен Күн мен ару Айдың барып тұрған қас жауы болды. Күн мен Айдың өзара достығы мен біріне бірінің қамқорлық жасауы Қара түнекті барынша ызаландырды. Күншілдікке бой алдырған Қара түнек олардың арасындағы достықты қайткенде бұзуды ойлап, ең алдымен, достықтың нышаны – ғажайып алқаны Айдан ұрлап алудың амалын іздеді. Сөйтіп Қара түнек оларды білдірмей сыртынан аңдуға және сөздерін жасырын тыңдауға кірісті.

Қара түнектің қастық ниетін сезіп қалған Күн:

– Қымбатты досым, сақ бол! Қараңғылық дегенің қашанда жақсылық әкелмейтінін біле жүргенің абзал. Оның қақпанына түсіп қалып жүрме, – деп ескерту жасады Айға.

– Ондай бақытсыздық ешқашан болмайды! Мен ең әдемі ғана емес, ең ақылды жаратылыспын! Оның барлық қылығын бірден білемін! – деді өзіне сенімді Ай.

Осы кезде Күн мен Ай бұрқырай созылып жатқан бұлтқа жақындап қалып еді. Ал оның арғы жағында жасырынып тұрған Қара түнек олардың сөзін білдірмей тыңдауға тырысты.

– Сенің шынында әдемі болуың мына менің әрдайым сенің жаныңда болуымның арқасында, – деп сөзін одан әрі жалғады Күн. – Менің нұрлы сәулем саған түсіп, содан сенің жүзің лағыл тастай құлпырады, ал біздің достығымыздың нышанындай болған сиқырлы алқа сенің өн бойыңды тамаша нұрға бөлеп тұр.

– Сонда немене, сенсіз және сенің алқаңсыз менің соншалықты ұсқынсыз болғаным ба? – деп оқыс айғайлап жіберді Ай.  – Қателесесің! Мен сондай әдемімін! Менен асқан сұлу жоқ!

Күн жұлдыздай жарқыраған гүлді жұлып алып, Айға мейіріммен ұсынып:

– Қымбаттым менің, менде сені ренжітейін деген ой мүлде болған жоқ, – деді. – Біздің әдемілігіміздің түпкі негізі достығымызда жатыр деп ойлаймын. Сондықтан саған мынаны ескерткім келеді: Қара түнек — біздің аса қауіпті жауымыз, оның арбауына түсіп, сиқырлы алқадан айырылып қалма! Ол сенде тұрғанда, ешкім де, ештеңе де бізді ажырата алмайды! Ашуыңды бас! Ал қазір осы бұлтта демалайық!

Мұны естіген Қара түнек олардың құпия сырын білгеніне мәз болып, көптен ойлап жүрген қастық әрекетін істеуге кірісті. Ол үстіндегі қап-қара көйлегін шешіп алды да, оған жұлдыздай шоқ гүлдерді қадады. Сосын көйлектің етегін буып, мықтап байлап, үлкен қап жасады да, ұрланып Айдың жанына келді. Күнді оятып алмайын деп, сыбырлай сөйлеп:

– Мен Аспан әлеміндегі ең әдемі көйлекпін. Мені ең әдемі ару ғана кие алады, – деді жан арбайтын мүләйім үнмен.

Ай оянып кетіп, ғажайып көйлектен көзін алмай:

– Оh, қандай керемет көйлек! Үстіндегі жарқыраған жұлдыздары қандай тамаша! – деді ұйқылы-ояу үнмен.

Көзден таса тұрған Қара түнек:

– Иә, мұндай көйлек бүкіл Аспан әлемінде жоқ! Осыны сыйлау үшін бәрінен де асқан аруды іздеп жүрмін, – деді құлаққа жағымды нәзік үнмен.

– Бұл әлемде менен асқан ару жоқ! – деді сыбырлап Ай.

– Иә, иә, сен әдемісің! Мүмкін Күн бәрінен де әдемі шығар?

– Жоқ, жоқ! Ешқандай шүбә келтірмеуіңе болады! Менен асқан арудың болуы мүмкін емес! – деді көйлекті алуға қатты құмартқан Ай асыға-аптыға. Ай бірден көйлекті кимекші болып еді, бірақ алқа бөгет болды.

– Міне, көрдің бе, кие алмай жатырсың. Мүмкін басқа біреуді іздеуім керек шығар, – деді Қара түнек.

– Жоқ, жоқ! – Айдың дауысы қатты шығып кетті. – Бұл көйлек менікі! Алқа бөгет жасап тұр. Мен оны лақтырып тастаймын!

Сөйтіп, Ай кеудесіндегі алқаны жұлып алып, қараңғыға лақтырып жіберді де, өзі көйлектің ішіне сүңгіп кетті. Ал Қара түнекке керегі осы болатын. Ол көз ілеспес жылдамдықпен көйлек-қаптың аузын

мықтап буып, зыта жөнелді. Лезде өзі тұратын ит арқасы қиянға шығып кетті.

Күн оянғанда, жанында Ай болмады. Іздеп еді, бірақ таппады. Ойламаған жерден бақытсыздыққа ұшырағанын қатты уайымдағаннан Күн қызарып кетті. Күні бойы Аспанды шарлап, Айды іздеген Күн:

– Қайдасың, досым, қайдасың?! Менің ақылымды тыңдамай, алқаңды неге шешіп тастадың? –
деп қояды арасында.

Қараңғы қапастан бір-ақ шыққан Ай да өзінің досы Күннен көз жазып қалғанына қатты қапаланды. Кешікпей достықтан артық ештеңенің де болмайтынын түсінді. Ол түнгі аспанда жылай отырып, Күнді шақырды. Өзінің ойланбай жасаған ісіне қатты өкінді және оны ән қылып айтты:

Қараңғыда күн кешсең,

Сұлулықтан не пайда?

Адал достан айрылып,

Отырмын енді қайғырып!

Күн Айды таңертеңнен кешке дейін тынымсыз іздейді. Ал Ай болса, Күнді кешкіден таң атқанша шарқ ұрып іздейді. Бірақ бәрі – бос тіршілік. Олар еш кездесе алмайды.

Бұлттар ажырасып кеткен достарға қарап, оларды аяйды. Тіпті аяғаны сондай, арасында көз жастарын төгіп-төгіп жібереді. Бұлт көп, олардың көз жасы да ағыл-тегіл мол. Ол жерге жылы жаңбыр болып жауады. Ал жаңбырдың, тамшылары көкжиекте әдемі алқадай нұрын шашады. Бұл – Күннің Айға деген тартуы. Көгілдір аспандағы сұлулығымен көз тартатын түрлі түсті кемпірқосақ сүйіспеншілік пен достықты ештеңе де жеңе алмайтынының белгісіндей.

Орыс тілінен аударған — Серік САТЫБАЛДИН,

Павлодар қаласы.