Ертіс өзенін жағалай өскен қарағайлар арасындағы сүрлеу жолмен кешкі серуеннен қайтып келе жатқан Зәуре апайдың кенеттен жүрегі сыр беріп, кеудесі қысып, қалтасындағы дәріні алуға шамасы жетпей, сенделектеп барып, орындыққа әрең жетіп, жайғасты. Маңайда ойнап жүрген балалардың бірі жүгіріп келіп:
— Апа, не болды сізге? Бір жеріңіз ауырды ма? Жедел жәрдем шақырайын ба? Дәріңіз бар ма еді жаныңызда? — деп сұрап жатыр.
Орындыққа жайғасқан Зәуре апай жанға шипа дымқыл ауаны ішіне терең тартып барып, бір тыныстады да:
— Айналайын, қалтамда дәрім бар еді, алып берші, — деді дауысы қарлыға шығып, оң қалтасын нұсқап. Ширақ қимылмен дәрісін алып апаға ұсынған бала:
— Су керек пе, апа? — деп, сонадайда тұрған сөмкесіндегі суға жалтақтап.
Зәуре апай:
— Жоқ, айналайын. Тілімнің астына салатын дәрі еді. Анау тұрған қызыл шатырлы үйге жеткізіп тасташы, уақытың болса — деді.
— Жүріңіз, жеткізіп тастайын. Жүруге шамаңыз келе ме? Сәл отыра тұру керек еді, — деп әрекеттеніп жатқан балаға, әлгінде бірге доп ойнап жүрген балалардың бірі жүгіріп келіп:
— Досан, бұл сенің әжең бе? — деп сұрады.
— Сырым, кел, апаны келесі қолты-ғынан демеп жіберші, — деп екеулеп апаны өзі көрсеткен үйге жеткізді. Қақпа алдынан баласы жүгіріп шығып, апаны сүйемелдеп үйге қарай ала жөнелді. Сырым Досанға қарап:
— Досан, әлгі адам сенің әжең бе әлде жақының ба? — деп сұрады.
Досан: — Жоқ, танымаймын, — деді
— Сонда біз танымайтын адам үшін анау қызық ойынымыздан қалдық па? Рахмет те айтпады ғой екеумізге. Әй, сен де бір… — деп күйіп-пісіп, ренжіп, қолын бір сілтеп, достарына қарай жүгіре жөнелді Сырым. Ал Досан болса достарына қосылғысы келмеді. Сырымға да ренжімеді. Велосипедін алып, үйіне асықты. Үйде оның да жасы үлкен әжесі бар еді. Арасында әжесі осылай аяқ астынан сырқаттанып қалатын. Анасы мен әкесі үнемі әжесіне қамқор болып, уақытылы дәрісін ішуін қадағалап, ас-суын талғаммен беріп, далаға шықса бірге шығатын. Әжесі үнемі балалары мен немерелеріне ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп отыратын. Әлгіндегі танымайтын апаның жағдайынан соң Досан әжесінің маңайынан алыстап кетпеу керектігін түсініп, өзіне іштей міндет алды.
Бірде мектепте үлкен жиын болады деп кең залға барлық оқушы мен ұстаздар жиналды. Сәлден соң сахнаға мектеп директоры шығып бүгінгі жиынның мақсатымен таныстыра келе:
— Ортаға ағарту ісінің үздігі, талай шәкіртті біліммен сусындатқан ұлағатты ұстазды шақырамыз, — деді. Барлық ұстаздар мен оқушылар орнынан тұрып қошеметтеп, қол соғып жатыр. Сахнаға көтеріліп келе жатқан — өткенде өзі көмектескен әжей. Өңі жақсы, жүрісі ширақ. Досан да қуана қол соқты. Сахнада айтқан өнегелі өмірін мұқият тыңдады. Мейірімділік туралы нақыл сөздері қандай тамаша!
Сөз соңында өткендегі Ертіс жағалауында кенеттен сырқаттанып қалғанын, оған жақын маңдағы ойнап жүрген балалардың біреуі келіп көмектескенін, сырқаттың кесірінен сол балаларға ризашылығын айта алмай қалғанын айтты. Сөйтіп, осы балалардың ішінде отырса, рахметімді қабыл алып өркендері өссін деген батасын беретіндігін хабарлады.
Досан артқы орындықта отырған Сырымға қарады. Ол ұялып, көзін одан алып қашты.
Жиын аяқталған соң Сырым досынан сол күнгі оғаш қылығы үшін кешірім сұрады. Бүгінде ойын ұйымдастырғанын айтып, бірге ойнауға шақырды.
— Рахмет, Сырым, үйде шаруам бар еді, — деп Досан кітапханаға асықты. Жаңа шыққан кітапқа берген тапсырысын алып, әжесіне оқып беруді жоспарлаған еді.
Ол қатесін түсінген досына іштей риза болды.
Айдана БОРАНБАЕВА.