Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің «Газет оқитын мектеп» акциясы аясындағы алғашқы кездесуі Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектепте өтті. Бұл бастама мектеп оқушыларын облыстық ата басылыммен жақыннан таныстырып, олардың ақпараттық сауаттылығын арттыруды мақсат етеді.
Акция аясындағы кездесу ерекше әсерге толы болды. Шара барысында облыстық «Saryarqa samaly» газетінің шеф-редакторы Құндыз Қабылденова оқушыларды басылым жұмысының өз ерекшеліктерімен, қазіргі таңдағы жаңашылдықтарымен таныстырды. Сондай-ақ, материалдың редакцияға келіп түсуінен бастап беттелуіне, тіпті баспаға жөнелтілуіне дейінгі барлық кезең егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Сонымен қатар, кездесуде облыстық газеттің балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ainalaiyn» қосымшасына шығар-малары жиі жарияланып жүрген жас авторлар арнайы Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Алғыс хат оқушылардың шығармашылыққа деген ықыластарын одан әрі арттырды.
Мектеп оқушылары тек шығарма-шылықпен емес, сонымен қатар спорттық, интеллектуалдық, өнер сайыстары мен байқауларда жиі топ жарып жүр. Мәселен, «Smart Start» иновациялық жобасы аясында академик Шапық Шөкин атындағы Павлодар қалалық робототехника олимпиадасында 3-сынып оқушылары Әнуар Мұқажан мен Інжу Оразбай «Болашақ инженері» аталымы бойынша марапатталса, Павлодар қаласының орта мектеп оқушылары арасында 55-нші кешенді спартакиада аясында баскетбол бойынша 3-орынға ие болды. 3-4-сыныптарға арналған «Алтын сақа» олимпиадасының қалалық кезеңінде 3-сынып оқушысы Әрсен Нұртас 1-орын, 4-сынып оқушысы Ниязбек Әлкей 3-орынды иеленді. Ал жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен бағдарламалау бойынша облыстық жасөспірімдер олимпиадасының қалалық кезеңінде 8-сынып оқушыларыы Күләнда Сұңғатова мен Назгүл Бекмағанбетова, 7-сынып оқушысы Мәлика Дүйсенбиева және 10-сынып оқушысы Жадыра Рамазан жүлделі орындарға ие болды.
Кездесу барысында оқушылар редакция жұмысының қоғам өміріндегі рөлі, ақпарат таратудың жауапкершілігі, қазіргі журналистиканың талаптары мен трендтері туралы сұрақ қойып, жан-жақты жауап алды.
Алғашқы кездесу жас қаламгерлер үшін зор шабыт көзіне айналып, олардың шығармашылыққа деген қызығушылығын тереңдете түсті. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, оқушылар мен басылым арасындағы байланыс нығая береді деген сенім бар.
Олжар АЙТБАЕВ, Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы:
— «Ainalaiyn» қосымшасымен ұстазым таныстырған болатын. Содан бері жазған мақалаларымды ұстазымның көмегімен редакцияға жиі жолдаймын. Ал шығармаларым қосымша беттерінде үнемі жарияланады. Жалпы, кездесу барысында редакция жұмысының қаншалықты күрделі әрі қызықты екенін білдім. Алдағы уақытта редакцияның өзіне барып, газеттің жұмысымен танысқым келеді.
Малика МИРМАНОВА, Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы:
— Облыстық «Saryarqa samaly» газетін үйдегі ата-әжем үнемі оқиды. Кейде басылым беттеріне шыққан мақалаларды өзім де оқып беремін. Маған газеттің, әсіресе балаларға арналған «Ainalaiyn» қосымшасы ұнайды. Оның беттеріндегі ертегілерді оқып, сөзжұмбақ, ребустарды шешемін. Өзім де ұстазыммен бірнеше тақырыпты ойластырып, редакцияға жіберемін. Алдағы уақытта да жібермекпін.
