Суретші қыз

Қаң 22, 2026

Өнерлі, талапты да талантты,

Асена қыз қағазға сурет салады.

Бір қолында – түрлі түсті бояуы,

Бір қолында – шағындау қылқаламы.

Кітапханаға келетін әр баланың бойында қандай қабілет бар, неге әуес екенін байқауға, үнемі ізденуге тырысамын. Сондай талантты балалардың бірі – 5-сынып оқушысы Асена Тілектес.

Алғаш көргенде-ақ оның киім киісі кәдімгі суретші ағайларға ұқсап көрінді. Асена – қиялы бай, жүрегі нәзік, көп сөйлемейтін, бірақ өз әлемінде бояулармен сырласып жүрген ерекше қыз. Ол ақ параққа қарапайым сызықтар арқылы өз ойын, арманын, көңіл күйін бейнелеп түсіреді. Суреттің тақырыбын өзі таңдап, әр бөлшегіне аса мұқияттылықпен қарап, көз тоярлықтай әдемі етіп салып шығады.

Әрбір салған суретінен балалықтың тазалығы мен шынайы сезімі анық көрінеді. Қыз бала үшін сурет салу – жай ғана хобби емес, бұл оның ішкі әлемімен тілдесуі. Бояулар арқылы ол табиғатты, адамдарды, жануарларды, тіпті қиялындағы ертегі әлемін де бейнелейді. Кей суреттерінен шаттық сезілсе, кейбірінен ойға шомған сәттері байқалады.

Асена әр суретін жүрек қалауымен салады. Осындай таланты мен табандылығының арқасында болашақта мықты суретші болатынына сенемін. Асенадай өнерлі балалар – елдің ертеңі, рухани байлығы.

 

Самал ӘБІЛТАЕВА, Абай ауылдық кітапханасының кітапханашысы,
Май ауданы.