Тазалыққа оқушылар да жауапты

Мам 22, 2025

Қоршаған ортаны қорғау — бұл тек табиғатты аялау емес, бұл — болашақ ұрпаққа өмір сүруге қолайлы әлем қалдыру. Жыл бойы Баянауыл ауылының көлемінде атқарылған экологиялық шаралар оқушыларымыздың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, саналы азамат болып қалыптасуына негіз қалады.

Жуырда Баянауыл ауданы Баянауыл ауылындағы Ш.Айманов атындағы орта мектеп-интернатында 2024-2025 оқу жылының «ЭКО-LIFE» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалды. Экологиялық форумға Баянауыл ауылдық округінің әкімі Фархат Дәрібай, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлден Хабибуллина, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экскурсия жөніндегі нұсқаушысы Алтынбек Құрманов және аудандық «Баянтау» газетінің тілшісі Индира Сембекова қатысты.

Экологиялық форум барысында тұрмыстық қалдықтарды тапсырған азаматтар велокөлікпен марапатталды. Мәселен, Ардақ Садвакасов 617 келі жинаса, Жасұлан Ақышев 700 келі тұрмыстық қалдықты тапсырған. Ал мектеп оқушылары барлығы 5 тонна 900 келі жинаған. Нәтижесінде 11-сынып оқушысы Мейіржан Санақбай, 1-сынып оқушысы Ерасыл Рысбай, Асылай Ізтаева, 6-сынып оқушысы Дамир Қалымтаев велокөлікпен марапатталды. Сыныптар арасында 2 тонна 200 келі қатты тұрмыстық қалдықтар жинаған 6-сынып оқушылары 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталып, демалысқа жіберіледі. Сынып жетекшісі – Жанар Оспанова.

Шара соңында Баянауыл ауылдық округінің әкімі Фархат Дәрібай мектеп ұжымын жас ұрпаққа экологиялық тәрбие берудегі елеулі еңбектері үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Жобамыздың сәтті жүзеге асуына атсалысып, қолдау көрсеткен мектеп ұжымына, белсенділік танытқан оқушыларға, сенім мен серіктестік білдірген ата-аналарға және демеушілік қолдау көрсеткен жанашыр жандарға алғыс білдіреміз!

Айдана ШАҚЫРМАН,

Ш.Айманов атындағы орта мектеп-интернатының қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және аға-тәлімгер.

Баянауыл ауылы, Баянауыл ауданы.