Бұл тоғайда тал мен дарақтың, ағаш пен бұта атаулының неше түрі өсіп тұр. Қалың жынысты орман ішінде терек те, үйеңкі де, қарағай да, арша мен емен де, кей тұсында анадайдан көзге түсетін ақ қайың да бар. Тоғайды жүгірген аң мен ұшқан құстың алуан мінезді көптеген түрі мекендейді. Әсіресе, түнгі уақытта олар түгел жиналып, у-шу, азан-қазан болып жатады.

 

Тоғай ішіндегі алаңқайда бір кәрі емен өсіп тұр. Оның бұтақтары жан-жағына кеңінен жайыла тарап кеткен. Күннің ыстығында астында отырсаң, жаның сергіп, рақаттанып қаласың. Жауыннан да, желдің өтінен де пана. Ол жүз жыл жасағандықтан, осы жердің тарихын жақсы біледі.

Жаз өтіп, күз таяған мамыражай мезгіл еді. Бірде кенеттен баяу басталған жел бірте-бірте күшейіп, қыраттау жерлердің шаңы көтерілді. Ағаштар мен жатаған бұталардың жапырақтары су-су етіп, маңай шуға толды. Кәрі еменнің де алып бұтақтары желмен тербеліп, қою жасыл жапырақтары дір-дір етіп, шуылдап кетті. Жел құйын соғып өткендей ұйтқи көтерілді де, іле тез басыла қалды. Бүкіл тоғайда түк болмағандай қалыпты тыныштық орнады. Бірақ көпті көрген кәрі емен бейнебір санасында қатты бір сілкініс болған адамдай ерекше бір мазасыз күйге түсті. Сосын кенеттен осы өңірдің өзі көрген, өзі куәсі болған ғасырлық тарихынан сыр шертіп, әңгіме тетігін ағытты.

Бұл жерде ірі аң, құстармен бірге ұсақ шыбын-шіркейлер де көп-ақ. Міне, мына ызыңдап қаптап жүргендер – майшыбындар. «Ызыңдап» дейміз-ау. Егер олардың ызыңына мұқият құлақ салсаң: жай ғана ызың емес, ол – ән. Сонда не дейді? Жақсылап құлақ түрсең, былай дейді екен:

Мен емеспін жай шыбын,

Менің атым – «майшыбын»,

Май айында туғанмын,

Ата жолын қуғанмын.

Сөйтсе де, олардың өмірі тым қысқа. Майда, яғни мамыр айында туса да, шілдеде құрып бітеді. Сонда осынша қысқа өмірінде ата жолын қуып не істеп үлгереді екен шіркіндер. Олар жұмыртқадан жарып шыққаннан кейін дернәсіл күнінде сайранды салып-ақ береді. Маңайдағы тау мен тасты кезеді. Көлдердегі балбыраған жұмсақ балдырларды құмарта жейді. Кешікпей арқаларында қос әдемі үлбіреген қанат пайда болады да, шіркін, бұлардың ауада қалықтап жүріп билегенін көрсең ғой! Бұлар — бидің нағыз хас шеберлері. Бірақ өмірлері тым қысқа.

Ал енді мына бір тырбыңдаған жәндікке назар аударшы. Оның ұшатын қанаты жоқ. Бірақ есесіне оң және сол жақ бүйірінде төрт-төрттен жіңішке, салалы аяқтары бар. Одан да бір кереметі – маңдайында төрт-төрттен екі қатар, барлығы сегіз ноқаты бар. Бұл не дейсің ғой. Бұл – оның көздері. Ол жемтігін көргенде, «ой, саған көзім түсті» дейді іштей мәз болып. Егер бір басында бақандай сегіз көзі болса, ол бәрін бірдей көрмегенде, кім көреді екен! Бұл – өрмек өріп, шеңбер тор тоқитын өрмекші. Оның мынадай қасиетіне таң қалмасыңа болмайды. Ол айналасы бір сағаттың ішінде денесінен бөліп шығарған жібек талшықтарынан тор жасайды. Ал торының ұзындығы үлкен адамның бақандай жиырма қадамындай болады. Тордың бойына оның жабысқақ болуы үшін желім жағып қояды. Ал торға түсіп байланып қалған ара, шыбын сияқты ұсақ жәндіктерді жібекпен орап қояды да, кейін өзіне қорек етеді. Осы өрмекшінің бір туысының бүкіл өмірі анау дөңнің етегіндегі сайдың табанындағы судың астында өтеді. Өзі жасаған жібегімен оранып алып, жемтігін күтіп жатады. Ал оның тағы бір туысы болса тоқыған торын өзі білетін белгілі бір жерге құрып кетпей, аяқтарымен керіп ұстап отырады да, алаңсыз кетіп бара жатқан жемтігінің үстіне тастай салады. Өрмекшінің енді бір түрі құмды үңгіп ін жасайды да, іннің аузында табжылмай жатып, жемтігін күтеді.

Осы маңайда Уитни деп аталып кеткен жауын құрты бар. Оның іні шөптесін өсім-діктердің астында болады. Жаңбырдан кейін жердің үстіне шығады. Өйткені дымқыл әрі жұмсақ топырақтың үстінде жатып жапырақты кеміріп жегенді жаны сүйеді. Адамдардың оны жауын құрты деуі де содан болса керек. Бірде түнде інінің аузында тұрып, менің үзіліп кеткен жапырағымды рахаттанып жеп тұрғанда, осылай қарай келе жатқан тықырды естіп қалады. Іле баспалап келе жатқан жем іздеген түлкі екенін сезіп қалып, жып етіп ініне кіріп кетті. Сөйтіп сақтығының арқасында жауынан аман қалды. Бір өлімнен аман қалдым-ау деп жүргенде, ертеңінде тағы да басына қауіп төнді. Інінде қаннен-қаперсіз жатқанда, жердің астымен осылай қарай қазбалап келе жатқан көртышқанның дыбысын естіп, жаны шығып кете жаздады. Дереу сасқанынан топырақты жоғары қарай оп-оңай үңгіп, жердің үстіне шығып кетті. Өзінің нәжісі сіңген топырақтың мұндай жұмсақ болғанына қатты қуанды. Осылайша тағы бір жауынан құтылып, есін жиған кезде: «Осы адамдар неге бізге соншама өш келеді екен? Біз қайта қазған інімізбен және нәжісімізбен жерді қопсытамыз. Соның арқасында олардың еккен көкөністері мен жеміс-жидектерінің тамырына ылғал мен ауаның жақсы баруынан бақшасы жайқалып өспей ме?! Бірақ, өкінішке қарай, біздің осындай пайда келтіретінімізді білмейді ғой, шіркін! Керісінше, біз өңге жапырақты емес, дәл бір олардың екпе өсімдігін жеп қоятындай, көрсе болды – аяқтарымен аямай баса салады. Ең үлкен жауымыз осы адамдар-ау. Жауымыз неткен көп еді!» деп мұңая налыды.

Мына тоғайдың ішінде өзгеше жаратылған жайра деген сүтқоректі кеміргіш бар. Денесі толған тікен. Тікенінің көптігі сондай – саны отыз мыңға жуық деген сөз бар. Тікендері жайшылықта денесіне жабысып, жазылып жатады. Ал өміріне қауіп туғанда, барлық тікені тік тұрып, жауынан қорғайды. Тікені қатты, басы үшкір, ұзындығы бидайдың сабағынан кем емес. Ешқандай жыртқыш аң, тіпті қасқырдың өзі оған шабуыл жасауға бата алмайды. Оларда ешқандай мақұлықта кездеспейтін ерекше бір тамаша қасиет бар. Ол – тікендерінің құрамындағы жаратылысынан берілген антибиотик. Егер байқаусызда денесіне тікені кіріп кетсе, ондағы антибиотик организмін түрлі жұқпалы аурулардан қорғап, зиянды бактериядан тазартады.

Біздің тоғайда ірі хайуанның да көптеген түрі мекендейді. Осы жолы оның біреуі туралы айтып берейін. Бұл – бөкеннің бір тұқымы. Оны гну бөкені деп те, антилопа деп те атай береді. Үнемі көшіп жүретін оның сыртқы тұрқы жылқыға да, сиырға да ұқсайды. Жылқынікіндей жалы мен құйрығы бар. Сиырдікіндей мүйізі бар. Жақсы жайылым іздеп көшіп жүргенде өзге жануарларды еш жатсынбайды. Зебра, қарақұйрық сияқты және басқа да төрт аяқты хайуандар олардың көшіне өз туысындай бірге ілесіп кетеді. Олар өз өмірінде кездесетін көп қиындықты ерекше төзіммен жеңе біледі. Өзеннен өтудің қиындығына қарамай, оны кешіп өтеді. Алайда олардың ең қауіпті жауы – қолтырауын. Әйтсе де, қолтырауын сияқты қауіпті жыртқыштан қорғана білудің амалдарын үйреніп алған. Олардың төлдері де туа сала аяғына тұрып, шауып кетеді. Сөйтіп көштен қалмайды. Бөкендер осылайша жаратылысынан өмір сүруге жақсы бейімделген.

Кәрі емен әңгімесін аяқтады. Болар-болмас баяу самал жел есті. Еменнің иір бұтақтарының басы желмен ақырын тербелді. Ол: «Ал, енді сау тұрыңдар. Менің айтарым әлі көп. Әзірше осыны қанағат етіңдер. Кейін тағы бір реті келгенде осы тоғайдың қызықты тарихын айтып берермін» дегенді білдіргендей болды.

Серік САТЫБАЛДИН.