Мен Моңғолия елінде дүниеге келдім, бірақ бұл менің этникалық тұрғыдан моңғол екенімді білдірмейді. Ата-бабаларым Қазақстанда туып-өскен. Алайда 1919 жылғы алапат ашаршылықтан кейін елден шығып, Қытайға бет бұрды. Қытайдағы азаматтық соғыс жағдайынан кейін, соңында Моңғолияға қоныс аударды, сонда мен дүниеге келдім.
Моңғолия – жүрегіме жылы мекен. Барлық бақытты шағым сонда өтті. Елдің табиғаты таңғаларлық: кең далалар, биік шыңдар, мөлдір көлдер. Гоби шөлі мен Алтай таулары туристер үшін тартымды болса, Хувсгул көлі мен Кхуух нура табиғатты сүйетіндерге керемет демалыс сыйлайды. Баянзаг ұлттық саябағы мен Эрдэнэ-Зуу буддистік кешені тарихи және мәдени мұра ретінде ерекше орын алады. Бұл жердің табиғаты мен мәдениеті адамдардың жанын баурайды, сезімге терең әсер етеді.
Алайда уақыт өте келе отбасым Қазақстанға оралуға шешім қабылдады. Қазақстанға келгенде мен Ертіс өзенінің бойында тұрғанымызды ерекше сезіндім. Бұл өзен Павлодар қаласын бойлай ағып, өңірдің тарихы мен табиғатына ерекше мән береді. Сол жерден шыққан Қаныш Сәтбаев – Қазақстанның көрнекті геолог-ғалымы, ҚазКСР Ғылым Академиясының алғашқы президенті, елдің ғылыми дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Баянауыл өңірінен шыққан Мәшһүр Жүсіп Көпеев – ақын, публицист, қазақ фольклорын жинаушы және халықты білім мен мәдениетке баулушы қайраткер. Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыров та осы өңірде дүниеге келген. Осындай ірі тұлғалардың өмірі мен еңбегі менің білімге және өз мәдениетімді құрметтеуге деген құштарлығымды арттырды.
Балалық шақта Моңғолиядан Қазақстанға көшу қиындықтарын толық түсіне алмадым. Ал Моңғолияға сапар ретінде баруды жоспарлағанымызда «коронавирус» пандемиясы себепті шекараны жауып тастады. Күттік, күдікпен қарайтын сәттер болды, бірақ Павлодарға қауіп төнбегеніне қуандық. Соңында барып, өз туған елімді тек қонақ ретінде тамашалағандай болдым.
Қазақстанға келгенде мен бәрі қазақша сөйлейді деп ойладым, бірақ орыс тілін меңгеру қажеттілігі туындады. Басында емтиханда тек білетін базалық сөздерді орысша жазып, қалғанын қазақша толтыратынмын. Сол кезеңде бағам «үш» болды. 5-сыныпқа келгенде мұғалім өзгерді, қазіргі уақытта мен беске оқимын.
Сондықтан ешқашан қиындықтардан тайынбау керек. Сүрінсек те,қайта тұруға көмектесетін, қолдаушы ата-анамыз бар. Бұл оқиға мен үшін отбасымыздың ерекше және мәнді тарихы болып қалады әрі мені өмірге деген сүйіспеншілікке және білімге құштарлыққа баулиды.
Нұрайлым НАҒАШЫБАЙ, №25 орта мектептің 10-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.
