CREATOR: gd-jpeg v1.0 (using IJG JPEG v62), quality = 80

Түлкі жылт етіп келе қалса болды, қаздар біріне-бірі соғылып, абыр-сабыр болатынын жұрттың бәрі білгенмен, оның сыры неде екенін білетіндер өте шамалы.

Бірде орман ішіндегі алаңда екі ана қаз төбелесіп қалды. Екеуі бір топтан, бір тәтті жапыраққа таласқан. Не болып қалды деп, екі ата қаз жетіп келіп, олар да әрқайсы өзіне көбірек көз салған ана қаз үшін төбелеске қойып кеткен.

Артынан бұлардың тобы түгел келіп, екі лагерьге бөлініп, ұрыстың күшейіп кеткені сонша, ормандағы аң біткеннің бәрі қатты абыржыды.

Дауды тергеуге келген түлкі бәрін өзіне қаратып: «Мыналарың не, бәрің бір топтағы ағайын-туыс емессіңдер ме, бұларың жарамайды. Одан да бір ақылды судьяға барып, бәрін түсіндіріп, істі бейбіт жолмен шешіп беруін сұраңдар» деді. Қаздар ешқандай да судьяны білмейтіндерін айтқанда, түлкі сыпайы түрде өзін адамдар білікті заңгер санайтынын білдірді.

– Солайы солай шығар, – деді қаздар. – Бірақ біз барлық заңгерлер өте сараң деп естідік. Сірә, сіз бізден аса көп гонорар сұрайтын шығарсыз.

Түлкі өзінің жақын достарынан ақша алуға ары бармайтынын, қаздарды жақсы көргендіктен, дауды жай ғана сүйсініп шешіп беретінін айтты.

Ақыры түлкі бұл іске төрелік жасайтын болды. Ол дауға себепші болған екі ана қаздың түлкінің үйіне барып, істің барлық жай-жапсарын айтып беруін талап етті. Үйге кірген соң бұлардың сөзіне ешкім бөгет жасамасын деп түлкі есікті ішінен бітеп жауып қойды.

Сәлден соң түлкі далаға шығып, екі ата қаздың істі қарауға қатысуы керектігін айтып, оларды алып келуге кетті.

Тағы біраз уақыттан кейін түлкі екі куәгердің керектігін айтып еді, бәрінің де куә болғысы келді. Түлкі куәлердің келісті де тұлғалы болуы керек деп, іштерінен ең ірі әрі семіз екеуін таңдап алды.

Біраз уақыт өтті де, түлкі екі қорғаушыны ертіп келді. Олар да мамық жүні бұрқыраған семіз екен. Осы жолы бір шеткері тұрған қаз түлкінің әрбір келгенінде жуандай түсіп, семіріп бара жатқанын жанындағыларға сыбырлай айтып жатқанын байқап қалған түлкі: «Иә, мүмкін менің денем толысқандай болып көрінетін шығар. Ол істі қарау кезінде алған түсініктерден қатты күйініп, содан денем ісініп кеткен болар» деді.

Бұдан кейін көп уақыт өтті. Алайда не түлкі, не бұлардың туыстарынан ешкім көрінбеді. Сосын қалған қаздар үйге кіріп, не болып жатқанын білмек болды. Үйге кірсе, аппақ қалың мамықтың үстінде түлкі алаңсыз ұйықтап жатыр. Бірде-бір қаз көрінбейді. Қаздар түлкіні оятып, өздерінің туыстары қайда екенін сұрайды.

Түлкі жан-жағына таңдана қарап тұрды да:

– Мына әбден бүлінген өмірде сұрқия залымдық пен екіжүзділік болады деп кім ойлаған! – деді қатал үнмен. – Мен олардың жалған түсініктері мен дәлелдерінен қатты шаршағандықтан, бәріне қолымды бір сілтеп, бірер сағатқа көз шырымын алайын деп, сендерге сенуге бола ма деп және мен ұйықтап жатқанда олардан күзете тұруын қатты өтініп сұрап едім. Сонда олардың бәрі бір ауыздан сенуге болады деп ант етті. Мен ақ көңіліммен және аңқаулықпен, ойыма ешқандай күдік алмай, олардың сөзіне сендім. Ал олар қайда кеткен? Оһ, сатқындар! Оһ, ант ұрғандар! – деді қаһарлана сөзін жалғастырып. – Менің жалғыздықтан азап шекпеуім үшін жаныма іштеріңнен ең ірі, ең семіз, ең құрметті деген екеуін қалдырыңдар. Ал қалғандарыңа ана сатқындарды тауып, осында алып келуді бұйырамын. Оларды тауып, лайықты жазаларын алу үшін осында алып келгенше, менің көзіме түсуші болмаңдар!

Осы күннен бастап қаздардың басы қосыла қалса болды, «қа-а-ақ, қа-а-ақ» деп шулайды. Бүкіл әлем оны «Қа-аз-дар қай-да? Қа-аз-дар қай-да?» деп әлі күнге дейін уәдеде тұрмағандар туралы қандай да бір жаңалық естіліп қалар ма екен деп үміттенгені деп біледі.

 

Орыс тілінен аударған – Серік Сатыбалдин.