Маржан, Павлодар қаласы:
— Жасым 13-те. Өзімнен кейін 2 бауырым бар. Олар дүниеге келгелі бері ата-анам маған бұрынғыдай көңіл бөлуді қойды. Әңгіме айтып, сырласа да алмаймын. Арамыздағы қарым-қатынасты қалай нығайтуға болады? Не істесем екен?
Сауалға тәжірибелі психолог Сәуле Ордабаева жауап береді:
— Егер мінезіңіз ашық болса, ата-анаңызға ойыңызды ашып айтыңыз. Өзіңіздің қиналып жүргеніңізді, татулықты қалайтыныңызды білдіріңіз. Отбасындағы жағдай балаға бәрінен қатты әсер етеді. Ал проблеманы тауып, оны шеш деген сіз үшін біраз ауырлау жүк болады-ау. Отбасылық мәселелерді шешу баланың қолынан келе қоя ма?! Қандай қиындық болсын, татулық болса шешіледі. Екеуіне бірдей айтыңыз. Егер айтуға батылыңыз бармаса, хат жазыңыз. Ойланып-толғанып айтқыңыз келгеннің бәрін жазыңыз да, хатыңызда алғыс ретінде сіздердің тату тұрғандарыңыз ең үлкен сыйлық деген сияқты сөздер жазсаңыз, әсерлі болатын сияқты.