Павлодарлық жас әнші Валерия Шмулько Ресей елінің Сочи қаласында ресейлік жұлдыздармен бірге өнер көрсетті. Ол Анжелика Варум, Леонид Агутин, Мот, IOWA сияқты әншілермен сахнада ән шырқады.

М.Катаев атындағы оқушылар сарайының «Свет звезды» ән театрының солисі Валерия Шмулько Сочи қаласындағы «Красная поляна» шипажайында Леонид Агутиннің V мерейтойлық отбасылық білім беру форумына қатысты. Валерия 10 күн ішінде Мәскеуден келген үздік педагогтардың вокалис-терге арналған хореография, хор сабақтарында болып, студияда ән жазу, сахна қорқынышын жеңу, репертуарды дұрыс таңдау, сахналық бейнені ерекше және танымал ету бойынша психологиялық дәрістер алды.

Сондай-ақ, шетелден келген өнерпаздар ресейлік әнші Лариса Долинамен кездесті. Әйгілі жұлдыз жас вокалистердің сұрақтарына жауап беріп, көптеген пайдалы кеңес берді.

Форум аясында вокалдық байқау өтті. Оған Ресейдің түкпір-түкпірінен 200-ден астам адам, Қазақстаннан Алматы, Астана, Көкшетаудан 8 қатысушы және Павлодардан Валерия Шмулько қатысты. Валерия бақ сынаған 13-15 жас аралығындағы санатта 75 вокалист болды.

Қазылар алқасының құрамында бірінші арнаның «Голос», «Голос.Дети» жобаларының музыкалық продюсері Андрей Сергеев, ресейлік әнші Лариса Долина, музыкант, композитор, продюсер Илья Киреев, әнші, композитор, шоумен Андрей Давинчи, суретші, музыкант Сократ, әнші, автор және композитор Уилли Кей болды.

Валерия алғаш рет осындай танымал музыканттардың алдында және осындай ауқымды жобада өнер көрсетті. Ол басқа да көптеген қатысушы сияқты жүлделі орынға ие болмаса да, форумға қатысқаны үшін дипломмен марапатталды. Жас әнші мол тәжірибе алып, қазылар алқасының қолдауына ие болды. Ең жоғары баға қойған Уилли Кей Валерияға өнерді жалғастырып, шығармашылықты дамытуға кеңес берді.

 

Өз тілшіміз.