Ұстаз — қандай қастерлі, ұлағатты сөз! Әр жанның жүрегіне ерекше жылулық нұрын төгетін аяулы тұлға. Адам баласы қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі — ұстаз деп ойлаймын.
Мамандықтың иелеріне құрмет бүгіннен немесе кешеден ғана көрсетіліп келе жатқан жоқ. Ұстаздықтың шоқтығы бұрынғы заманнан бері биік тұр. Сондықтан болар, «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Дегенмен, адам өмірінде ұлағатты ұстаздарды ұмыту мүмкін
бе? Меніңше, өмірлік жолдың алғашқы қадамдарын айқындап берген, өмірдің сан қырлы сырларын білуге, сан қилы құбылыстарын терең ұғынуға мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған жанның бейнесі көңіл төрінен әрқашан орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсам, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойын-дағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Мұның өзі ұстаздардың ұлы іс атқаратынына дәлел емес пе? Менің ойымша, кез келген адам ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Сондықтан болар, «Шәкіртсіз ұстаз — тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы адамды да ұстаз деп санаймын. Себебі, шәкіртіне өнер, білім, әдеп, тәрбие, кәсіп үйреткен жанды еш ұмыту мүмкін емес. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» — деп Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, уақытпен санаспай, әр шәкіртінің болашағы үшін алаңдайтын ұлы жандардың еңбегі еш кетпейді деп үміттенемін. Сонымен қатар, ұстаз деген сөзді, ұстаз деген мамандықты мен ең қадірлі де қасиетті кәсіп деп есептеймін. Себебі, ұстаз шәкіртін адалдыққа баулып, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себеді. Жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіреді. Ең жақын жанашыры әрі ақылшысы, досы әрі сырласы бола біледі. Ыстық қайратымен бар білген білімін оқушы бойына сіңіретін, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан дүниесін баурай білген ұстаз ғана баланы тұлға ретінде қалыптастырады деп ойлаймын. Мұғалімінің бойында байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлы-
лық сияқты қасиеттер тоғыса келе, мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана ұстаз еңбегі өз мәресіне жетіп, «Ұлы ұстаз» деген ардақты атаудың шын иегері болады деп пайымдаймын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қорыта келе айтқым келетіні, ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас июі тиіс деп санаймын.
Инабат СЕРІКБАЕВА,
№25 орта мектептің 10-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.