Көпшілікке бұзық бала болып танылған «Менің атым Қожа» фильміндегі басты кейіпкер Қожа баршаңызға таныс шығар. Жуырда аталмыш қазақ фильмі жаңа «өмірге» ие болмақ.
Балалық шақтың сүйікті фильміне айналған «Менің атым Қожа» қайта түсіріліп жатыр. Енді Қожаның оқиғалары заманауи форматта жаңаша серпін алады. Qalan.kz компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – классикалық киноны жаңа буынмен қауыштыру мақсатында жасалған ерекше мүмкіндік. Қожа бейнесі тағы да барша көрерменді баурап, мәңгілік достық пен балалықтың риясыз әлеміне саяхат жасатады.
Естеріңізде болса, «Менің атым Қожа» фильмі көрермендерге 1963 жылы жол тартқан болатын. Режиссері – Абдолла Қарсақбаев. Сценарий негізіне Бердібек Соқпақбаевтың бірнеше тілге аударылған «Менің атым Қожа» повесі алынған. Фильм Қожаның мысалында әртүрлі жағдайлардан шығу жолдарын көрсетіп, адалдық, мейірімділік, достық сынды киелі ұғымдарды дәріптейді. Мейірімді және қызықты фильмде ізденімпаз, ашық мінезді, үнемі түрлі жағдайларға тап болатын, кейде жазықсыз, кейде бұзақы Қожаберген Қадыров (Қожа) есімді оқушы басты кейіпкер кейде бұрыс шешімдер қабылдаса да, үнемі ұшқыр қиялын, табандылығын, мейірімділігін көрсетеді.
Өз тілшіміз.