Қостанай қаласында өткен ауқымды білім бәйгесінде Павлодар қаласындағы №38 орта мектептің 7-сынып оқушысы Имран Құсанов білімін сарапқа салып, 1-орынға ие болды. Аталмыш олимпиадада информатика және математика пәндері бойынша еліміздің 300-ден астам оқушысы бақ сынады.
Атап өтерлігі, Имран 7-сынып оқушысы бола тұра 9-сынып оқушылары арасында сынға түсіп, мектеп бағдарламасынан әлдеқайда жоғары білім деңгейін көрсетті.
– Имран ерте жастан компьютерге, математикаға және технологияларға қызығушылық танытты. Уақыт өте келе информатика пәніне деген сүйіспеншілігі оны жетістікке жетуге ынталандырды. Алгоритмдік есептерді шешу оған ерекше қызығушылық сыйлайды, ал олимпиадаларға қатысу оның дамуына және кәсіби өсуіне ықпал етеді, — дейді ұстаздары.
Республикалық информатика олимпиадасы жыл сайын еліміздің үздік оқушыларын біріктіреді. Қатысушыларға алгоритмдік тапсырмалар, деректермен жұмыс және бағдарламалық шешімдер әзірлеуді қамтитын күрделі тапсырмалар ұсынылады.
Соңғы 2 жыл ішінде Имран қалалық деңгейден республикалық деңгейге дейінгі сайыс жолынан өтті. Оқушы қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда сәтті өнер көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
– Олимпиадаға қатысу мен үшін маңызды тәжірибе болды. Әр кезең маған жаңа білім берді. Тапсырмалар күрделі болды, әсіресе алгоритмдерді терең түсінуді және жылдам шешім қабылдауды талап ететін тапсырмалар шыңдады. Дегенмен, дәл осындай жарыстар дамуыма ықпал етті. Мен үшін маңыздысы – информатика пәні мұғалімінің жетекшілігімен атқарылған жұмысымның жоғары нәтижеге жетуі, – деді ол.
Имранның информатикаға деген қызығушылығы оның тәлімгері, информатика пәнінің мұғалімі Ертай Соянның ықпалымен қалыптасты. Педагог №38 мектепте 2008 жылдан бері жұмыс істейді және 18 жылдық еңбек өтілі бар.
Өз тілшіміз.
