Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен қашықтық форматта өткен «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» балалар киносының республикалық фестивалінде Ақтоғай балалар өнер мектебінің тәрбиеленушісі Саягүл Өмірбек өнерімен көзге түсіп, «Үздік бейнеклип, бейнеролик» аталымы бойынша 1-орынға ие болды.
Биылғы байқаудың аймақтық кезеңдеріне республика бойынша 39 781 оқушы қатысып, олардың ішінен облыстық, қалалық (Астана, Алматы, Шымкент) кезеңдерінде үздік атанған 140 оқушы республикалық деңгейге жолдама алды. Сол таңдаулы таланттардың ішінде ақтоғайлық Саягүл де болды. Ол аталмыш байқауға «Балапан қаз» әніне арнап бейнеклип түсіріп, телефоны арқылы жасаған жұмысын жолдаған еді. Қарапайым техникамен түсірілген бейне көрермен жүрегіне жол тауып, қазылар алқасының жоғары бағасын иеленді.
Саягүл бұған дейін осы жылдың наурыз айында байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, өз дарынын дәлелдеген болатын. Ал республикалық деңгейдегі бұл жеңісі – оның шығармашылық еңбегінің, табандылығы мен өнерге деген сүйіспеншілігінің нәтижесі.
Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдар мен сыйлықтарға ие болды. Жетекшілері де Алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ, «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауында Ақтоғай балалар өнер мектебінің тәрбиеленушісі Айлана Сәкенова зор жетістікке жетіп, «Қағаздан бұйымдар жасау: оригами, аппликация, квиллинг, папье-маше» аталымында 1-дәрежелі дипломды иеленді.
Айта кетерлігі, Айлана наурыз айында аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде жеңіске жетіп, республикалық байқауға жолдама алған еді.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.