Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің тілшілері басылымның балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ainalaiyn» қосымшасының тұрақты авторларымен кездесуді жалғастыруда. Жуырда кезекті кездесу Павлодар облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияда жалғасын тапты.
Кездесу барысында газеттің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев газет жұмысының жаңашыл бағыттары мен «Ainalaiyn» қосымшасының балалар білімін, шығармашылығын дамытудағы рөлі туралы айтты. Ол жас қаламгерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қазіргі медианың талаптары мен журналистиканың жауапкершілігі жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ, оқушыларға мақала жазудың қыр-сыры, ақпаратты дәлдікпен беру, тақырып таңдаудағы ізденіс пен шығармашылық еркіндік жайлы кеңес берді. Ал оқушылар журналистерге өздерінің шығармашылық жоспарлары мен қызығушылықтары туралы сөз қозғап, газет бетінде жарияланған материалдарға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Мектептің жас авторлары «Ainalaiyn» қосымшасына тұрақты түрде материал жолдап жүргенін және бұл олардың жазу машығын қалыптастыруға зор серпін беретінін де атап өтті.
Журналистер оқушылардың сауалдарын тыңдап, болашақта тақырыпты ашу, мәтінді құрылымдау және ақпаратты сенімді беру бағытында нақты ұсыныстар айтты. Мектеп ұстаздары да мұндай кездесулердің балалардың рухани дамуына, сыни ойлауына және сөздік қорын байытуға берер пайдасын тілге тиек етті.
Жиында қосымшаның тұрақты авторлары – 7-сынып оқушылары Әбілхан Санатхан, Іңкәр Серік, Мұстафа Шошай және 10-сынып оқушылары Қайсар Дөнеш пен Мансұр Озатбекұлы басылымның Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Кездесу соңында гимназия басшылығы «Saryarqa samaly» редакциясына оқушылармен байланыс орнатқаны үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да шығармашылық ынтымақтастық жалғасын табатынын жеткізді.
Келесі күні кездесу Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылының №38 негізгі жалпы білім беру мектебінде ұйымдастырылды. Мұнда да тілшілер қауымы оқушылармен еркін нұсқада пікір алмасып, газеттің балаларға арналған айдарлары мен мүмкіндіктері туралы кеңінен тарқатты.
Жиында газеттің балалар қосымшасында мақалалары жиі жарияланып жүрген оқушылар да ұмыт қалмады. Олар да редакцияның Алғыс хаты мен естелік сыйлықтарына ие болды. Олар – 3-сынып оқушылары Айсезім Аймақ, Іңкәр Күвегенқызы, Еркежан Мұратбек, Абдурахман Туғанбай және Мирас Хуаныш. Жетекшілері – бастауыш сынып мұғалімі Құралай Төлеуова.
Мұндай кездесулер жас қаламгерлер үшін зор шабыт көзіне айналып, олардың шығармашылыққа деген қызығушылығын тереңдете түсетініне және оқушылар мен басылым арасындағы байланыс нығая береді деген сенімдеміз.
Айдана Боранбаева.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
