«Ainalaiyn» — оқушылар ортасында

Ақп 13, 2025

Жуырда газетіміздің журналистері балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ainalaiyn» қосымшасының тұрақты авторларының бірі – Павлодар қалалық Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің «Жас журналист» үйірмесінің мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында тілшілер журналистика саласының қыр-сыры туралы баяндап, ұлттық басылымның жұмысымен таныстырды.

Павлодар қалалық Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінде шығармашылыққа жақын оқушылар баршылық. Балалардың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында осы оқу жылының басында білім ордасының қабырғасында «Жас журналист» үйірмесі ашылды. Оған ағылшын тілінің мұғалімі Балжан Каппаева жетекшілік етеді. Үйірмеге бүгінде 10-нан аса оқушы қатысады. Олар оқудан тыс уақытта өзге қатарластарымен бірге әртүрлі тақырыпта мақалалар мен өлеңдер жазады. Сонымен қатар, осы уақытта «Бөкейхан news» атты журнал жарық көрді. Журнал әр тоқсанда бір мәрте басылып отырады. Оның беттерінде мектептің тыныс-тіршілігі, мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері және бала-лардың шығармалары жарияланады.

Кездесу барысында оқушылар журналистермен етене танысып, ашық-жарқын әңгіме құрды. Оқушылар қойған сұрақ-тарға жауап бере отырып, қызығы мен шыжығы мол, талабы мен таланты ұштасқан журналистика саласының соны соқпақтары туралы тілге тиек етті.

«Жас журналист» үйірмесінің жетекшісі Балжан Каппаева үйірменің жоспарларымен де таныстыра отырып, болашақта газетпен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Журналистер де өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, келешекте бірлесе қызмет ететіндіктерін айтты.

Кездесу соңында Балжан Айтбайқызы журналистердің еліміздің қарқынды дамуы жолында жасалып жатқан барлық саладағы жұмыстарды халыққа жеткізуде орасан зор еңбектеріне сәттілік пен шығармашылық табыс тіледі.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.