Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы күзде педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде: «Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды» деген еді. Ал жоғары білікті маман даярлау ісінде педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарына жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Ертіс-Баян өңірінің академиялық өндірісіне айналған Марғұлан Университетінде осы бағытта қыруар жұмыс атқарылып келеді. Осы ретте, қара шаңырақта ұзақ жыл ұстаздық етіп келе жатқан филология ғылымдарының докторы, профессор Ырыскүл Шақаманды сұхбатқа тартып, педагогикалық маман даярлаудың мүмкіндіктері туралы әңгімелескен едік.

 

– Ырыскүл Бектемірқызы, Марғұлан университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы сапалы педагог кадрларды даярлауда қандай жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануда?

– Жалпы, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті негізі қаланған сәттен-ақ педагогтік, педагогикалық бағытта тиісті қызметін жоғары деңгейде атқарып келеді. Иә, ұстаздар ордасының негізгі мақсаты – салауатты да сауатты, заман талабына сай, әлемдік өзгерістерге бейімді болып келетін педагог мамандарды дайындау. Негізгі міндеттің бірі – педагогтік мамандықта оқитын білім алушылардың педагогтік, әдіскерлік құзіреттілікті игеруін қамтамасыз ету. Сол үшін білім алушыларға дәріс, тәжірибелік сабақ жүргізетін оқытушылар үнемі ғылыми-зерт-
теу, педагогикалық зерттеу, оқу әдістемелік бағытта өздерін жетілдіріп отырады. Оқытушылардың қандай әдіспен жұмыс істей-тінін анықтау үшін олардың арасында «Педагогикалық шеберлік» байқауы өткізіледі. Аталған байқау оқытушылардың әдіскерлік бағытын тануға мүмкіндік береді. Бұл да – оқытушылардың сабақ беру шеберлігін шыңдау мақсатында атқарылатын шаралардың бірі. Біздің университетте педагогикалық бағытта білім берудің шетелдік тәжірибесі тұрақты қолданылып, заман талабына сай білім беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, оқытушылар белсенді оқыту әдістерін, студентке бағытталған оқыту әдістерін, инклюзивті оқыту әдістерін, феноменге және құбылысқа негізделген оқыту әдістерін, зерттеуге негізделген оқыту әдістерін сабақ беру барысында тұрақты қолданады. Мұндай әдістемелік тәсілдерді құжаттық түрге түсіріп, педагогикалық концепция ретінде ұстану негіздері қазір нақты қолға алына бастады.

– Педагогикалық білім беру үрдісін жетілдіру және оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқыту курстары өткізіліп тұратын болар…

– Иә, дұрыс айтасыз. 2024 жылдың 5 қаңтарынан бастап оқыту жүйесіне қатысты біліктілікті жетілдіру үшін Назарбаев университетінің Жоғары білім беру мектебі (NU GSE) мен Финляндияның HAMK қолданбалы ғылымдар университеті (Häme University of Applied Sciences), JAMK қолданбалы ғылымдар университеті (University of Applied Sciences) бірлесіп «Педагогикалық білім беру моделін жүзеге асыру мен мазмұнын нығайту» жобасын ұйымдастыруда. Осы бойынша қазір «Педагогикалық білім беруді жетілдіру» атты семинар өткізіліп жатыр. Бұл жоба Дүниежүзілік Банктің қолдауымен қазақстандық мұғалімдердің білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Жоба бойынша 17 қазақстандық ЖОО-нан іріктелген 50 оқытушы әдіскер жаттықтырушы деген дәрежеге ие болды. Іріктелген 50 оқытушының ішінде біздің университеттен 4 оқытушы бар. (М.В.Семенова, Р.Ж.Мұқанова, Т.В.Гаврилова, Ы.Б.Шақаман). Бұл курстар 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында өтеді. Мақсаты – педагогтік білімді жетілдіруді жүзеге асырып, Қазақстандық ЖОО-да 30 Білім беру бағдарламасы мен «Оқу бағдарламасын (силлабус)» жаңа үлгіде құрылымдап, негіздету.

– Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айырықша мән беріп отырмыз» деді. Осы ретте біздің университетке түсуші талапкерлер қандай деңгейде деп айтар едіңіз?

– Бұл сауалыңызға бір жақты жауап беру қиын. Жалпы, мектеп бітірушілердің көбі қай мамандыққа баратынын 11 жылдық орта білім аяқталуға жақындаған кезде ойлай бастайтыны белгілі. Әрине, белгілі бір пәндік білімді терең игеріп, сол бағыттағы мамандықты нақты таңдап келетін талапкер де көп. Біздің оқу орнымызды таңдап келушілердің арасында да түрлі себеппен де, нақты педагогтік мамандықты қалап түсетіндер бар. Олардың білім деңгейі педагогтік мамандыққа оқуға түскеннен кейін анықталады. Түрлі себеппен түсетіндіктен, олардың білімдері де түрліше екені байқалады. Дегенмен нақты педагогтік мамандықты қалап келгендердің білімі едәуір жоғары деңгейде болады.

Мен ұстаздық мамандыққа («Қазақ тілі мен әдебиеті») қатысты айтсам, талапкерлердің білім деңгейлері, оның ішінде сөйлеу, тілдік дағдылары, тіл сауаттылықтары көбінесе көңілге қонбайды. Білім алушылар академиялық сөйлеуге, әдеби сауатты сөйлеу мен жазуға дағдыланбай келеді. Тіл мен әдебиет пәніне байланысты түсініктері де жұтаң келеді. Бұл соңғы 20-30 жыл аралығында гуманитарлық бағыттағы білім беру жүйесіне емес, техникалық білім беру жүйесіне басымдық беріліп, цифрлық сауаттылықтың артуына байланысты болса керек. Цифрлық сауаттылық әдеби, мәдени сөйлеуді талап етпейтіні белгілі. Сол үшін оқуға түскеннен кейін, алғашқы бетте олардың білімдерін бір деңгейге түсіру, реттеу жұмысы жүргізіледі, өйткені бұл мамандыққа білім алушылар Қазақстанның әр жерінен келетіндіктен, білім негіздерінде ала-құлалық кездеседі. Педагогтік мамандықты нақты таңдағандар білімдерін магистратура, докто-рантура бойынша жалғастыруға тырысса, «аңдамай» түсетіндер қызметтік бағытын өзгертіп жатады.

– ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым саласына 30 жылда болмаған қаржы бөлінді деді. Расында, соңғы уақытта ғылым саласына айырықша көңіл бөлінуде. Өзіңіз жуықта үздік ғылыми қызметкер атандыңыз. Жалпы, біздің ғалымдардың қазіргі әлеуетіне тоқталсаңыз…

– Ғалымның жұмысы еркіндікті қалайды. Ғылыми-зерттеу еркіндігі болмаса, ғалым нақты нәтижеге қол жеткізе алмайды. Кез келген ғалым өз бағытындағы тақырыбы бойынша зерттеуін өз танымына, зерттеу деректеріне сүйеніп, әлемдік өзгеріске бейімделе отырып, шығармашылықпен, белгілі бір көздеген нәтижесіне қол жеткізу үшін жүргізеді. Нағыз ғалым ғылыми зерттеуін атақ-дәреже үшін жасамайды, оған атақ-дәрежені қол жеткізген ғылыми нәтижесі өзі-ақ «әпереді». Біздің университетіміздің ғалымдары осындай мақсатта жұмыс істейді. Біздің педагогикалық мамандықтағы ғалымдар екі бағытта ғылыми зерттеумен айналысады: ғылыми теориялықжәне ғылыми педагогикалық (әдістемелік) бағыт. Сондықтан университет ғалымдарының ғылыми педагогикалық біліктілігі өте жоғары деңгейде. Олай деуіме негіз де бар. Өткен жылдың соңында алғаш рет «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» атағы бізге бұйырса, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы –

2023» байқауын үш оқытушы жеңіп алды. Сонымен қатар, төрт оқытушы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.

– Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар, саналы адам тәрбиелеуші. Осы саланы таңдаушы жастар қандай ниетпен келу керек?

– Ұстаз – тұлға тәрбиелеуші. Қоғам, жалпы адамзат тек ұстазға (мұғалімге) қарап бой түзейді. Сондықтан педагог мамандығын таңдаған кез келген жас талапкер алдымен адамгершілік, моральдық, рухани жағынан өзін толыққанды тәрбиелеуі керек. Мұғалімдік қызмет үнемі дамуды талап етеді, осы қырынан алғанда білім алушылар тек пән мұғалімі болып емес, әдіскер, тәрбиеші, педагог, қажет болса, ғалым ретінде де өзін-өзі өсіруге, дамытуға, жетілдіруге дайын болуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, ұрпақ тәрбиесі жолында бір емес, барлық мамандық иесі болып табылатындығын сезінуі тиіс. Кез келген мамандықтың иесі – ұстаз (мұғалім). Мемлекет әлеуеті қоғамның дұрыс тәрбиеленуімен танылады.

– Педагогикалық білімді дамытуда жаңашылдықпен қатар, дәстүрлер сабақтас-тығын да үзуге болмайды. Осы ретте кезінде сіздерге сабақ берген алдыңғы буын ұстаздардың өнегелі өмірі қандай құндылықтарды үйретті? Олар өз студенттеріне қандай талап-міндеттер жүктеді?

– Әрине, дәстүрлер сабақтастығы заман қалай өзгерсе де (заманды өзгертетін – адам), өмірде ешқашан да ысырылмайды. Ол үнемі санада, көңілде жаңғырып тұрады. Сабақ берудегі қалыптасқан дәстүр жаңаша білім берумен бір деңгейде, қатар жүреді. Нағыз педагог оны қолайлы тұста пайдаланып отырады. Дәстүрлі сабақ беру әдісін тәжірибелі педагог жаңа қырынан таныта да алады.

Жаңа технологиямен жұмыс істеу бұрынғыны сызып тастау, өшіріп тастау деген сөз емес. Керісінше қазіргі қолданылып жүрген технологиялық әдістердің басымы – өткен ғасырдың 70-80 жылдары қолданылған әдістер. Тек қазір олар жетілдіріліп, цифрлық технологиямен жаңғыртылып, педагогикалық ұстанымдарға негізделіп, оралып отыр. Мен 80-жылдардың соңынан бері педагогтік қызмет атқарып келемін. Қазіргі талданып жүрген әдістер сол жылдардан-ақ таныс.

Дәстүрлі сабақ беруде мұғалімнің жетектеу қызметі басым болды да, оқушылар мұғалімді «Нағыз адами тұлға бейнесі» ретінде қабылдап, мұғалімге қарап бой да, ой да түзейтін. Біз де солай тәрбиеленіп өстік. Алдымызда сабақ беретін мұғалімді «жақсы-жаман» деп жіктемейтінбіз, бар болғаны өмірге үйретуші, сабақ беруші мұғалім деп қана қабылдадық. Сондықтан сабақ та сіңімді болды, тәртіп те болды. Біз олардан оқу білімін де, өмірлік білімін де алуға тырыстық. Соларды өзара байланыстыра білуді және ең бастысы, адами өмір сүру құндылықтарын үйрендік.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді Сахаба.