Тәуелсіздік – қазақ елінің баға жетпес байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтап, бағалай білу – барша қазақстандықтың қасиетті борышы. Сол үшін әркім тәу еткен Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін түсініп, оның терең тарихы мен мән-маңызын ұғынуы тиіс. Осы орайда облыстағы беткеұстар ғалымдардың бірі, Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, мәшһүртанушы Тұрышев Айтмұхамет Қасымбайұлын сөзге тартып, егемен еліміздің бүгіні мен ертеңі, жалпы, Тәуелсіздігімізге қатысты өзге де өзекті мәселелер төңірегінде аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Айтмұхамет Қасымбайұлы, әңгімені әріден бастасақ… Алдымен Тәуелсіздік тарихына тоқтала кетсеңіз…

– Тәуелсіздік тарихы тереңде… Арғысы «Түркі» этонимінен басталып, Ұлы Түрік қағанатының құрылуы, ал бергісі Қазақ хандығы, еркіндік жолындағы үлкен-кішілі соғыстар, күрестер, түрлі тарихи оқиғаларды атап айтуға болады. Мұның әрқайсысын тәппіштеп баяндасақ, бір сұхбаттың аясына сыймайтыны ақиқат. Қысқасы, ел басына күн туған қилы-қилы кезеңдерден кейін, яғни 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданып, тәуелсіздік алуға алғашқы қадам жасалды. Бұл құжат 17 бөлімнен тұрды. Онда қазақ халқының өмір бойғы арманы ашық жазылды. Қазақтың біртұтас жері бөлінбейді, оған қол сұғуға болмайды, мемлекет егемендігінің символдары, президентін сайлау және жер, су, әуе кеңістігі, тіпті, біздің көкте ұшқан құстар, жерде жүгірген аңдар, табиғи ресурс- тар, бәрі-бәрі республиканың меншігі болып табылды. Биыл бұл егемендік декларациясының қабылданғанына да 33 жыл толыпты. Сөйтіп, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы» заңға қол қойылып, ел тәуелсіздігін жария етті. Әлем картасына өзгерістер енгізілді. Ең бастысы, содан бері барлық балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерде көк байрағымыз тігулі, Елтаңбамыз ілулі, ал қабырғада алтын әріппен жазылған Әнұранымыз жарқырап тұр. Түсінген адамға бұдан асқан бақыт жоқ.

– Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін не істеу керек?

– Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікті көру бақыты аға буынға, жастарға және кейінгі ұрпаққа бұйырды. Сөз басында Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін айтып өттім. Оны баянды ету үшін халық білімді болуы тиіс. «Білегі жуан бірді, білімі жуан мыңды жығады», – деген бұл сөздің мағынасын жастар әбден түсінеді. Ең алдымен оқу керек, білімге, ғылымға, технологияға ұмтылу қажет. Ол үшін елімізде барлық жағдай, мүмкіндіктер жасалуда. «Оқимын» деп алға ұмтылған жастарға жол ашық. Қазір қазақ, ағылшын, орыс тілін білетіндер көбейді, әсіресе, ана тіліне деген сенім, намыс оянды. Сондықтан да, тәуелсіздікті баянды ету үшін әлемдік озық технологияны меңгеріп, елімізге әкелу керек. Өзіміз де жаңа жаңалық ойлап табуға тиіспіз. Сонда ғана Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбайұлы, Ә.Ермекұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, Қ.Жұбанов сынды білімді тұлғалар өсіп шығар еді. Қазіргі жастарымыз осынау Тәуелсіздік жолындағы Алаш қайраткерлерінен үлгі-өнеге алып, намысты, өзіндік мінезі бар, жігерлі болуы тиіс.

– Студент жастарға сабақ бересіз. Олардың отансүйгіштігі қандай деңгейде деп ойлайсыз? «Әттеген-айлар» бар ма?

– Мен өзімнің шәкірттерімді жақсы көремін. Әрине, жас болған соң ағаттық кетуі мүмкін ғой. Олардың жасаған қылықтары, еркелігі әдеппен, орынды болса жарасып тұрады, онда кешіреміз. Мені қуантатыны, қазіргі студенттер еңбектен қорықпайды. Енді оларға айтарым, филология мамандығы болсын, басқа мамандық иелері болсын кітап оқулары қажет. «Кітап – білім бұлағы» деген сөз тегін айтылмаған. Қазір технология дәуірі, заман өзгерді, бүгінгі бар жағдай ертең бұлт етіп құбылып шыға келуі мүмкін. Кезінде аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин:

Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.., – деп ұялы телефонды баяғыда өлеңіне қосып, заман тынысын күні бұрын сезген ғой. Дөңгеленген әлемнің күн сайын өзгеріп, дамып жатқанын көз көруде. Салыстырмалы түрде алғанда, ұялы телефон бұрын қандай еді, қазір қандай? «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты», – демекші, технологияның дамығанына қарсы емеспін. Бірақ жасыратыны жоқ, жас та, кәрі де ұялы телефонда отырамыз, қазақ тілінде сөйлемейтін, үндемес балалар, немерелер көбейіп кете ме деген қауіп те жоқ емес. Әйтпесе, еліміз гүлденіп, әлемдік деңгейдегі технологиядан қалмай, жарысып, жарасып жатқанның несі жаман? Ең бастысы, жастар ақылды, білімді әрі іскер. Осындай ұл-қыздың отансүйгіштігі де жоғары деңгейде болуы тиіс.

– Ғылым саласына ден қойған азамат ретінде Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ ғылымының жетістігі қандай дер едіңіз?

– Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ ғылымын алға жылжытатын тетіктер, сөз жоқ, адам ресурстарын басқару функциясына келіп тіреледі. Яғни, көп мәселе мамандардың сауаттылығына тікелей байланысты. Бұл ретте, елімізде білім-ғылым қуған азаматтардың өзін дамытуы үшін барлық жағдай жасалуда. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз…», – деп Абай айтқандай, ғылымға ұмтылу қажет. Қорыта келе, жастардың оқуға, ғылымға деген құлшынысы күшті екенін айтқым келеді. Мәселен, бүгінде оқушылар түрлі ғылыми жобаларға қатысады. Сонымен қатар, қазір Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Сәтбаев оқулары, басқа да халықаралық, республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференциялар жиі өтуде. Оған оқушылар да, студенттер де ынталы қатысып, жүлделі орындар алып, ұстаздарын қуантып жүр. Кеше ғана облыстық колледждер арасында Шәкәрім оқулары өтіп, 48 студент қатысты. Айта берсек, жастар үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар жеткілікті. Мұның бәрі қазақ ғылымын дамытуға бағытталған қадамдар деп түсінемін. Ел жастары сапалы білім алып, ғылымға келеді, жаңа технология жасайды, жаңалық ойлап табады, сөйтіп, ел экономикасының гүлденуіне, дамуына зор үлес қосады деп кәміл сенемін!

– Еліміз Тәуелсіздік алғалы көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асуда. Соның ішінде сіздің көңіліңізден шыққаны қайсы?

– Маған «Болашақ» бағдарла-масы ұнады. Себебі, «Болашақ» бағдарламасының арқасында көптеген жастар шетелдің жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыммен айналысуға қол жеткізді. Осындайда еріксіз айтасың, Кеңес дәуірі кезінде шетелдерге емін-еркін шығуға мүмкіндік болмады деп… Қазір мұндай мәселе жоқ. Ғылымның жетістігін айтсам, менің бір жолдасымның жүрегіне ота жасады. Медицинаның дамығаны соншалық, отаны ешқандай тіліксіз жасапты. Керемет қой! Осындай мысалдарды ғылымның әр саласынан мыңдап келтіруге болады.

– Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі саяси жағдайына қандай баға бересіз?

– «Бұдан да жаман кезде тойға барғам», – деп біреу айтқан екен. Мен қоғамдық формацияның екі өзгерісін көріп, сол дәуірде туып-өскен адаммын. Расын айтайын, 1990 жылға дейін кеңестік қызыл пионер, комсомол, коммунистік идеялогияның нәрін бойыма сіңірген жанның бірімін. Енді ата-бабам аңсаған жарқын, сәулетті азат заманда өмір сүріп отырғаныма ризамын. Егеменді ел мені түбіріммен өзгертті. Мен бақытты жанмын. Тәуелсіз өз елімде өмір сүріп отырмын. Әр сағатыма, көрген күніме, атқан таңыма қуаныштымын. Таңертең қуанып оянамын. Мен мұғалімдер отбасының үшінші ұрпағымын, төртінші ұрпағы да –
мұғалімдер, ұстаздықты таңдап алды. Көпбалалы отбасында өсіп-жетілдім, әкей зейнеткер еді, бірде бар, бірде жоқ жылдар болатын. Әйтеуір тамақ тоқ болды. Бірақ өтірік айтпай-ақ қояйын, балмұздақ, мәмпәси кәмпит, халва, т.б. дегендерді онша көрмедім. Сөмке, костюм-шалбар, қағаз-қалам, түрлі түсті қарындаш, пластилин қат болды. Электр шамының өзі бертін келді. Ал велосипед, фонарь, фотоаппарат, доп табу өте қиын еді. «Қайрат» футбол командасы ойнағанда орындыққа шығып, қабырғада ілулі тұрған радиоқабылдағышты тұрып тыңдайтынмын. Кітапты майшамның жарығымен оқыдық. Туған-туыстан, ағадан қалған киімдер болса соны киіп, иыққа іліп жүре беретінбіз. Ешкім сынап сөкпейтін еді. Мұны айтып отырғаным, енді Қазақстан Республикасы егемендігін алып, өзінің қолы өз аузына жеткендегі бұл өмір маған жұмақ сияқты. Балаларымның алды докторлығын, кандидаттығын, магистрлығын қорғады. Жиендер жоғары оқу орнында оқиды. Балаларым да, жиендер де, немерелер де қазақ тілін өте жақсы біледі. Немерелерімнің бәрі де қазақ мектебінде оқиды. Демек, сөзім мен ісімнің арасында алшақтық жоқ. Балалардың әрқайсысының өз үйі бар. Құдай қосқан қосағыммен 2014-2020 жылдары шетелдерге жиі саяхаттап барып жүрген едік, әттең, коронавирус пандемиясы өмірімізге араласпағанда әлі де жүріп-тұруға болушы еді. Мұны сөз қылып отырған себебім, еліміздің жағдайы жақсарды, халықтың тұрмысы дұрысталды. Біз көпқабатты үйде тұрамыз. Алғаш көшіп келгенде тұрақта үш-төрт көлік тұратын. Қазір жеңіл көлікті қоятын жер таппайсың. Осыдан-ақ халықтың жағдайының жаман емес екенін бағамдауға болады. Қазақстан Республикасының қазіргі саяси жағдайы жақсы, ел іші тыныш. Мен саясаткер емеспін, ғалым адаммын, әрине, күнделікті хабар-ошарды, халықаралық жағдайды бақылап, оқып, біліп отырамын.

– Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары бірқатар елді мекен, көше атаулары қазақшаланды. Бұл тұрғыдан алғанда сізді әлі де қандай мәселелер толғандырады?

– Иә, Павлодар облысындағы көптеген елді мекеннің атауы өзгертілді. Оны барлығымыз білеміз. Біз ономастика тобымен аудандарға шығып, дәріс оқып тұрамыз. Елді мекендердің жағдайы жақсы таныс. Қандай мәселелер туындап отырғанын да, олардың барын да түсінеміз. Негізі, қазақ тілі мәселесімен 1991 жылдан бері айналысып келеміз. Қандай өзгерістер мен жетістіктер болып жатқанын да байқап жүрміз. Оны санамалап жатпайын. Бір анығы, Павлодар облысының атауы түбі өзгереді. Оған уақыт керек. Жедел шешуге келмейтін мәселелер де бар. Сондықтан сабыр сақтаған жөн.

– Бүгінде Алаш көсемдерінің азаттық жолындағы ақиқаты ақырындап ашылып жатқан сияқты. Жақында жарыққа шыққан «Оян, қазақ!» фильмі соның дәлелі іспетті. Сіздің ойыңызша, мұндай туындылар сол заманның, қазақтың біртуар тұлғалары тартқан азаптың ақиқатын қаншалықты көрсете алады?

– Алаш қайраткері Міржақып Дулаттың «Оян, қазақ!» деген кітабы 1909 жылы басылып шыққанын білеміз. Демек, осы аттас кинофильм өзінің идеясымен, көркемдігімен оқырман жүрегіне жол тапқан сәтті туынды екені сөзсіз. Мұның алдында Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Ұлт ұстазы» көркем фильмін көрдік. Бостандық, егемендік, тәуелсіздік үшін, елінің, халқының тағдыры үшін жанын қиған алаш өкілдерінің бір адамның бойына жинақталған образдарын көреміз. Сол уақыттағы ауыр заманның тынысын, суреттерін өте дәл шеберлікпен жеткізе білген. Айтуға ауыз бармайды. Көріп отырып, көзіме жас алдым. Жалпы, азаттық жолындағы Алаш көсемдері жайлы қай киноны алсақ та, сол заманның ащы шындығын бүкпесіз көрсетеді.

– Былтырдан бастап 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінің маңызы өзгерді. Президенттің бастамасымен тәуелсіздік алу жолындағы оқиғалар мен боздақтарға тағзым етуге басымдық берілді.  Бұл өзгеріс туралы не айтасыз?

– Иә, 16 желтоқсан ызғары еш уақытта ұмытылмауы тиіс. Тәуелсіздік туралы сөз қозғалғанда желтоқсан қаһармандары да міндетті түрде айтылуы қажет. Негізі, Желтоқсан оқиғасы туралы фильмдер, кітаптар, өлеңдер мен әндер баршылық. Демек, мереке қарсаңында желтоқсан оқиғасы қалай көрсетіледі, қалай насихатталады, ол жағы сол іс-шараны ұйымдастырушының шеберлігіне, таным-түсінігіне, тәжірибесіне байланысты деп ойлаймын. Мемлекет басшысы да бұған байланысты: «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген еді. Осы жағына назар аударылғаны жөн.

– Оқырманға қандай тілек айтасыз?

– Тәуелсіздік күні құтты болсын! Осы тәуелсіздікті алуға үлес қосқан желтоқсандық қаһармандардың да орны ерекше. Олай болса, оларды еске алып, құрметтеу азаматтық парызымыз екенін ұмытпайық деймін. Ең бастысы, еліміз аман, жұрт тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.