Құрметті редакция! Менің қолыма қалам алуыма облыстық «Saryarqa samaly» газетінің 11 қаңтардағы нөмірінде жарық көрген «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Совет Әмірханұлының «Айтуға да ұят!» деген мақаласы себеп болды. Ұлтжанды азамат мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, жер-су атауларының қазақша аталып, аялдамалардың қазақ тілінде хабарлануы тиіс екеніне назар аударған.

Мен Совет Әмірханұлының дәлелді де дәйекті пікірін толық қолдай отырып, өз тарапымнан ой қосуды жөн көрдім. Расында да, еліміздің егемендік алғанына 33 жылға аяқ басып, Ата Заңымызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылғанымен, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі тиісті тұғырына көтерілмеуі көңілге қаяу түсіреді. Бұған күнделікті өмірде көзіміз жетіп жүр. Жергілікті билік тарапынан көшелер мен елді мекендердің атауын қазақшалауды ресми түрде заңдастырғанымен, оны тәжірибе жүзінде қолдану жағы кенжелеп отыр.

Кейбір қоғамдық көліктерде аялдамалардың ескіше атаумен хабарланатыны жасырын емес. Мәселен, өзім жиі жүретін №21, 22 бағытты автобустарда «Пионерская» деген аялдама құлаққа түрпідей тиеді. Моральдық тұрғыда ескірген атауларды алмастыратын уақыт әлдеқашан болды. Сондай-ақ, осы автобустар бағытында «Чехов көшесі» деп аталатын аялдама бар. Бірақ мұндай көше бұл жерде атымен жоқ. Оны «Ақ мешіт» аялдамасы деп өзгертсе, көңілге қонымды болар еді. Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы университет деген аялдама бар, бірақ оқу орнының атауы Торайғыров университеті деп өзгергелі қашан?! Ендеше, аялдама да солай аталуы тиіс. Айта берсек, осындай мысалдар өте көп. Құзырлы органдар автобус, трамвай секілді қоғамдық көліктердегі ақпараттарды реттеп, бір жүйеге келтіруі қажет. Сонда ғана осы бағытта атқарылған жұмыс өз жемісін береді. Менің ойымша, көпшілік пайдаланатын қоғамдық көліктерді қазақ тілін насихаттайтын үгіт-насихат құралы ретінде қолдану жолдарын қарастыру керек. Тағы бір мысал. Жақында облыс орталығы жанындағы Ленин кентіне Атамекен атауы берілді. Ауыл тұрғындары көптен күткен түйінді мәселе оң шешілді. Шешім заңды күшіне енгендіктен, тақтайшалардағы ескі атауларды түгел алып тастап, жаңа атауды жарқыратып жазып қою керек. Бұл республикалық маңызы бар жолда орналасқан елді мекен болғандықтан, ескі атаудың тақтайшаларда сақталып қалуы орынсыз.

Қалима СӘРСЕКЕЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны.