Санаулы күндерден соң елімізде бірлік пен татулық мерекесі аталып өтіледі. Мейрам тарихына үңілетін болсақ, алғаш рет жиырма тоғыз жыл бұрын жаңғырған екен. Атаулы күн — еліміздегі көптеген ұлт өкілінің бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүріп жатқанының айқын дәлелі. Қазақстан халқының бірлігі күнінің аясында «Павлодар облысы бойынша Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Буковина» румын-молдова мәдени қоғамы» қоғамдық ұйымының төрағасы Аурика Дякпен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Аурика Георгиевна, румындар мен молдавандар Қазақстанға қалай келді? Әңгімені осыдан бастасақ…

— Әр диаспораның тағдыры әртүрлі болды. Олардың көпшілігі Қазақстанға 20 ғасырдың басында ашаршылық болған кезде қоныс аударған. Молдавандардың Қазақстанға қоныс аударуының екінші толқыны КСРО халықтарының жаппай жер аударылу кезе-ңімен тұспа-тұс келді. 1942 жылы күштеп қоныс аударылды. Әсіресе, Украина аумағына көптеп көшірілді. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары Қазақстанға тың игеруге келгендері де аз емес. Қазіргі уақытта көп ұлтты Қазақстан халқымен етене араласып, тең құқықты жағдайда өмір сүріп жатыр. Қазіргі уақытта елімізде 500-ге жуық румындық пен 15 мың молдаван тұрады.

— Ол уақытта қазақ халқы сіздерді қалай қарсы алып еді? Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз…

— Қиын-қыстау уақытта қазақтар біздің халыққа ерекше қамқорлық көрсетті. Бастысы, жатсынған жоқ, қолындағы барымен бөлісті. Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі бір санаулы жылдардағы қиындықтар болмаса, қатарынан кем болмай білім алды, қызмет еттік. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстық.

Қайырымы шексіз қазақ халқының арқасында біз сол қиын-қыстау кезден аман өттік. Өзіміздің, ұрпағымыздың екінші Отанына қазығымызды тігіп, шаңырағымызды көтердік. Сонау саяси репрессия жылдарында тағдырдың айда-уымен осы ұлы далаға келіп, Қазақстанды Отаным деп қабылдаған қанша халық бар. Сол депортацияланған миллиондаған адам қазақтың көмегі мен қайырымының арқасында ертеңгі күнге деген үмітін өшірмей, үзілгелі тұрған тағдыр жібін жалғады. Сонымен қатар, жекелеген этнос ретінде сый-құрметке ие болып, көпұлтты Қазақстан қоғамында өзіне лайықты орнын алды. Бұл — ақиқат және осы ақиқатты ешкім ұмытпауы тиіс.

— Өзіңіз Қазақстанға қалай келдіңіз?

— Мен туған жерім Украинада 14 жыл тұрып, төрт жыл Молдовада оқыдым. Өмірлік жарымды кездестірдім. Ол Павлодар индустриалды институтына (қазіргі Торайғыров университеті) оқуға түскендіктен көшуге тура келді. Ол Кеңес үкіметінің кезі, яғни 1990 жылдың қаңтары еді. Ал мен оның соңынан ердім. Бүгінде 30 жылдан аса тәуелсіз елде өмір сүріп келеміз. Кең-байтақ Қазақстанда қазақ достарым, әріптестерім аз болған жоқ. Қай жерде болсам да қазақтардың қонақжайлығына, кеңпейіл мінезіне тәнті боламын.

Қазақстан — бейбітшілікті, бірлікті сүйетін ел, оның бұл қасиеті ежелден бар. Ортақ Отанымызда біздің балаларымыз өмірге келді, немерелеріміз де осы жерде туып-өсіп, білім алып, Отан үшін еңбек етіп жатыр. Бүгінде біздің мемлекетіміз қарқынды даму үстінде. Сондықтан оның одан әрі гүлденуі үшін осы жерде өмір сүріп жатқан этностар арасында бірлік, береке болуы керек. Өз ұрпағымыздың қамсыз болашағы үшін оларға достық пен береке, бірлікті үлгі етсек деймін. Бірлік болмаса, ештеңе де болмайды.

— Бүгін қазақстандық румын-молдавандар үшін қандай өзекті міндеттерді бөліп көрсетер
едіңіз?

— Басты міндеттердің бірі – сабақтастықты сақтау. Біздің көз алдымызда ұрпақтардың тез ауысуы байқалады және бұл мәселеге мұқият қарауымыз керек. Ешбір жағдайда заманалар жалғастығын жоғалтуға болмайды. Қазір қазақстандық румын-молдавандардың төртінші буыны сол жылдардағы қайғылы ұмытылмас депортациядан бері өмір сүріп келеді.

Біздің тарихымыз өте қиын болған және оны есте ұстауға тиіспіз. 1920 жылдардан бері бізге көмек қолын созып, аталарымызға, әкелерімізге аман қалуға көмектескен қазақтарға алғыс айтуымыз керек. Депортацияның барлық ауыртпалығы мен сынақтарын абыроймен еңсерген, жанкешті еңбектерімен Қазақстан румын-молдаванның оң имиджін қалыптастырған және бұл естелікті жас ұрпаққа жеткізіп жүрген аға буынға алғыс айтуға тиіспіз. Жылдар өтіп жатыр және өкінішке қарай, мұның барлығы ұмытылуда. Ал бұл — қазіргі жастарды тәрбиелеудегі үлкен мәселе.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.