Жазғы демалыстың алғашқы аптасы басталды. Енді ата-аналар, ұстаздар, құқық қорғау органдарының мамандары балалар үшін екі есе алаңдайды десек, қателеспейміз. Басты мәселе – баланың қауіпсіздігін қатаң қадағалау. Өйткені, жұмысқа асыққан ата-ананың балалары үйде бақылаусыз қалады. Смартфоннан қалаған ойынды ойнап, кез келген адаммен сөйлесе алады. Көшеде — арлы-берлі ағылған көлік. Жуырда шомылу маусымы да ашылады. Мамандар жаз айында түнімен көше кезетін оқушылардың көбейетінін де алға тартады. Жасөспірімдер тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтың жазғы демалыста артатыны да сондықтан. Осы уақытта балалардың қауіпсіздігін қалай бақылау керек? Жасөспірімдерді қалай қорғаймыз? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Бибігүл ҚАМЗИНА, Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы ювеналды полицияның

аға инспекторы:

— Алдымен, жазда бала бос болмауы керек. Сол үшін ата-аналар балаларын жұмысқа орналастырып, мәдени, рухани, танымдық, спорттық бағыттағы тәрбие жұмыстарына жұмылдырғаны жөн. Жазда көше кезетін, түнгі ойын клубтарында жүретін балалардың саны артады. Оны жұмыс барысындағы рейдтік шаралардан анық білеміз. Бала сағат 22.00-ден кейін жалғыз жүрмеуі тиіс. Қазір жасөспірімдерге қолданылатын заң да қатал. Спирттік өнімдерді қолданатындар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 440-бабы бойынша жауапқа тартылады. Ал есірткі өнімдерін жарнамалағандар 10 жылға қамалады. Әлеуметтік желілерде есірткі саудасына, алаяқтыққа шақыратын топтар көп. Өкінішке қарай, облыста 3 жасөспірім ауыр қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылды. Екі жасөспірім сотталып, 6 жылға қамауға алынды. Сондықтан құқықбұзушылыққа барғандар жауапкершіліктен жалтара алмайды. Ал су айдындарына келетін болсақ, балалар ата-анасыз өзенге жоламауы тиіс. Фонтандарда сумен ойнайтын балаларды ток соғуы мүмкін. Сонымен қатар, ата-ана бала алдындағы жауапкершілікті күшейтіп, ұл-қызына жолда жүру ережесін, терезедегі сақтықты да үйретуі қажет.

 

Асылбек ТУҒАНБАЙ, облыстық мәслихат депутаты:

— Өкінішке қарай, балаларға қатысты қаншама қайғылы оқиғалар жайында естіп жүрміз. Бірінші кезекте, бала қауіпсіздігіне ата-анасы жауапты екенін ұмытпаған жөн. Әсіресе, жаз мезгілінде бұл жауапкершілік еселене түседі. Әрине, баланы тәулік бойы қамап ұстауға келмес. Дей тұрғанмен, ұл-қыздарымызға қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін үйрету – міндетіміз. Үйде жалғыз болса, отпен ойнамай, электр жабдықтарына абай болу, есікті бөтен адамға ашпау, терезеге жақындамау, көшеде бөтен адамдармен сөйлеспеу, кешке дейін жүрмеу, су айдындарында абай болу сияқты дүниелерді құлақтарына құйып отыру қажет.

Екінші мәселе – қоғам. Дәлірек айтқанда, қоғамдық бақылауды күшейту. Көшеде балалардың ұрысып-керісіп жатқанын, темекі шегіп тұрғанын, кештетіп қала кезіп жүргенін көрсек те, «біздің баламыз емес қой» деген желеу- мен көрмегенсіп жүре береміз. Бала тәрбиесіне келгенде, жалпыға бірдей жауапкершілікті сезіне білу де маңызды. Әрине, қазір біреудің ұл-қызына ақыл айту әбестік болып саналады. Десе де, қоғам болып бұл түсінікті оң жолға қоюымыз қажет. Сонда ғана ел ертеңін бірге тәрбиелей аламыз.

Меңдіғайын СЕЙСЕНБАЕВА, ата-ана:

— Жаз мезгілі бастала сала әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігі үшін алаңдайтыны рас. Бірақ ұстаздар қауымы, құқық қорғау саласының өкілдері барлық жауапкершілікті ата-аналарға артуы дұрыс емес. Себебі қоғамда біз шеше алмайтын мәселелер бар. Өзімнің 3 балам бар. Күнұзақ жұмыста болатындықтан, үшеуінің немен айналысатынын тәулік бойы бақылаймын деп айта алмаймын.

Жақында балалар жазғы лагерьге барады. Ондағы қауіпсіздік шарасына мектеп ұстаздары жауап беруі керек. Бала болғаннан кейін достарымен көшеге шығып ойнайды. Суға да түсуі мүмкін. Ал су айдындарын құқық қорғау органдары бақылауы керек. Шомылуға рұқсат етілмеген орындарды ауылдық жерде жергілікті әкімдік қадағалап, мұндай орындарда кезекшілік орнатылуы тиіс. Ал түнгі ойындар клубындағы балаларды жазалайтын кезде аталған мекеменің иесін де тәртіпке салу қажет. Жасөспірімдерді мүлде енгізбесін. Сол сияқты жол қауіпсіздігіне де жалғыз ата-ана жауап бере алмайды. Сондықтан ұстаздар қауымы, құқық қорғау саласының өкілдері, ата-аналар болып бірлесіп қана балалардың қауіпсіздігін сақтай аламыз. Жалғыз ата-ана бұл мәселемен күресе алмайды.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.